"Қу дүние қуып, жақыннан суып кеткендер қанша өмірде…"
Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында адамгершілік, достық және туыстық қарым-қатынастың қадірі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі жазбасын ақын С. Әбеновтің өлең жолдарымен бастап, өмірдегі ең үлкен байлық – дүние-мүлік емес, адал достық пен сыйластық екенін атап өтті.
«Қу дүние қуып, жақыннан суып кеткендер қанша өмірде… Бәрі де жалған, бәрі де қалған, байлыққа сонша берілме! Шын байлық деген – адал достарың, жақсымен бірге қадам басқаның. Сыйластық сәні, өмірдің мәні – сол ғана», – деп жазды әнші.
Қарақат Әбілдинаның айтуынша, бұл әнді алғаш тыңдағанда жақындарынан алыстап кеткен адамдар ойына оралған. Әсіресе, бір туған бауырлардың өкпелесіп, бір-бірімен араласпай жүргенін көру оған ауыр әсер қалдыратынын жеткізді.
Сондай-ақ ол өзіне таныс жанның анасымен араласпайтынын естігенде қатты таңғалғанын жасырмады.
«Бір таныс қыздың: "Туған анаммен араласпаймын. Бір-бірімізді мүлде түсінбейміз", – дегенін естігенде жағамды ұстадым. Анадан артық кім жақын? Мұндай жағдай да болады екен-ау деп ойладым», – деді өнер иесі.
Әнші уақыт өте келе адамдар бір-бірін түсініп, татуласады деген үмітін білдірді. Дегенмен, оның сөзінше, жоғалған уақыт пен суыған көңілді қайта қалпына келтіру оңай емес.