Өзін де, өнерін де құрметтеймін.
Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі оқырмандарының сұрағына жауап беріп, бұрынғы күйеуі Сәбит Әбдіхалықовтың екінші жары Алтынай Жорабаеваның қызының ұзату тойына не себепті бармағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі бұл мәселеге ешқандай өкпесі жоқ екенін айтып, Алтынай Жорабаеваға деген құрметі өзгермегенін жеткізді.
«Алтынай Жорабаева ең әуелі менің әріптесім және баламның қарындастарының анасы. Өзін де, өнерін де құрметтеймін. Тойға шақырту алмағаныма еш ренішім жоқ. Әркім өз қуанышына кімді шақыратынын өзі біледі, бұл – әр адамның жеке таңдауы. Мүмкін ішкі ойы, мүмкін маған деген өзіндік көзқарасы себеп болған шығар. Ол жағын білмедім. Көрген жерде сәлеміміз түзу, сыйластығымыз орнында. Тек жақсылық тілеймін!», деп жауап берді Иманбаева.
Сонымен қатар Айгүл Иманбаева әлеуметтік желіде екі өнер иесінің арасын ушықтыруға тырысатындарға да үндеу жасап, мұндай әңгімелерді тоқтатуға шақырды.
«Екі өнер адамынан жау жасаудың қажеті жоқ. Бізді араластырып, жарыстырып, шоу жасауға тырыспаңыздар. Ондай деңгейден өтіп кеткенмін. “Кезінде құшақтасып жүрдіңіздер ғой” деп мін іздеудің де керегі жоқ. Иә, өмірдің ол кезеңдерінен де өттік, өту керек болды. Әркім өзінің өтетін жолын, өз уақытында өтеді. Бұл тақырыпты осымен жапқанымыз дұрыс болар. Мен тек ізгілік пен бақыт тілеймін», деді ол.