05.08.2026, 17:40

«Қазақта Жүрсін Ермандай тұлға біреу ғана»: Танымал ақын елге үндеу жасады

Фото: abaidan.kz

Думан Рамазанның айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Жүрсін Ерманға қатысты түрлі пікірлер мен ауыр сындар жиілеп кеткен.

Ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның төңірегіндегі қызу талқыларға байланысты жазушы әрі драматург Думан Рамазан көпшілікке үндеу жасап, әлеуметтік желідегі орынсыз сындарды тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Думан Рамазанның айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Жүрсін Ерманға қатысты түрлі пікірлер мен ауыр сындар жиілеп кеткен.

«Жүрсін Ерман туралы әңгімені тоқтатсақ қайтеді? Соңғы кездері әлеуметтік желіде ағамызға қатысты әртүрлі пікірлерді жиі көзім шалады. Бұл өмірде мінсіз адам жоқ, әркімнің қателігі болады. Бірақ қазақта Жүрсін Ермандай тұлға біреу ғана», – деді ол.

Жазушы ақынның қазіргі таңда денсаулығы сыр беріп, ауыр дертпен күресіп жүргенін де атап өтті. Оның сөзінше, Жүрсін Ерманның өздігінен жүріп-тұруының өзі қиындаған.

«Қанша ғұмыры қалғанын бір Алла біледі. Қазақ – кешірімді, кеңпейіл халық. Сондықтан оның қателігі болса да, түсіністік танытып, адамгершілікпен қарайық. Денсаулығы нашарлап, аурумен күресіп жүрген адамды орынсыз сынап, қаралаудан ешкім ұтпайды. Әр сөздің салмағы бар. Сол себепті Жүрсін ағамыздың айналасындағы бұл әңгімені доғарсақ екен», – деп жазды Думан Рамазан әлеуметтік желідегі парақшасында.