$ 471.98  543.39  5.82

Вьетнамда ұсталған атышулы блогер Қайсар Қамза Қазақстанға жеткізілді

Тергеу мәліметінше, блогер кейін заңсыз онлайн-казиноны жарнамалау арқылы табыс тапқан.

Фото: Козачков арнасы
Фото: Козачков арнасы

Халықаралық іздеуде болған блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мәліметке сәйкес, Қайсар Қамза 2026 жылдың қаңтарында халықаралық іздеуге жарияланған. Ол Instagram желісіндегі треш-контенті арқылы танылып, миллиондаған аудитория жинаған.

Тергеу мәліметінше, блогер кейін заңсыз онлайн-казиноны жарнамалау арқылы табыс тапқан. Ол 400 мыңнан астам оқырманы бар жабық Telegram арнасында Қазақстан аумағында тыйым салынған құмар ойын платформаларын насихаттаған.

Онлайн-казино шетелдік «Pin-Up» букмекерлік кеңсесінің атауын пайдаланғанымен, қолданушыларды рулетка және басқа да Қазақстанда тыйым салынған ойын түрлері ұсынылатын сайттарға бағыттап отырғаны айтылады.

Дереккөздің мәліметінше, бұл схеманы әлеуметтік желілердегі танымал тұлғалар жарнамалаған. Олардың қатарында Қайсар Қамза да болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, блогер аталған жарнамалар үшін қомақты сыйақы алған. Тек криптовалюта түріндегі активтерінің өзі шамамен 200 мың АҚШ долларына бағаланған.

«Козачков» Telegram арнасының хабарлауынша, заңсыз схема әшкереленгеннен кейін блогер Оңтүстік-Шығыс Азияға кеткен. Ал биыл сәуір айында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Вьетнамның құқық қорғау органдары оны анықтап, ұстаған.

Қазіргі уақытта блогер Қазақстанға жеткізілді. Бұл оқиғаға қатысты Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолданған. Агенттік әзірге бұл ақпарат бойынша түсініктеме берген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 0