Жанкүйерлердің айтуынша, өнер иесі маңызды отбасылық қуаныштан тыс қалмай, туған-туыстарымен бірге Ақтөбеге арнайы барған.
Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ақтөбеде өткен туған жиен қарындасының сырға салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің отбасылық шараға қатысқаны жанкүйерлерінің әлеуметтік желіде жариялаған фотосуреттері мен жазбаларынан белгілі болды. Желіде тараған кадрларда Димаштың туған-туыстарымен бірге ұлттық нақыштағы киіммен түскені байқалады.
Жанкүйерлердің айтуынша, өнер иесі маңызды отбасылық қуаныштан тыс қалмай, туған-туыстарымен бірге Ақтөбеге арнайы барған. Әншінің анасы Света Айтбаева да сырға салу мен тойдан суреттер салған.
«Сүйікті Димашымыз туған Ақтөбедегі жиен қарындасының сырға салу рәсіміне отбасымен бірге қатысты. Керемет Альбинаны шын жүректен құттықтаймыз!» – деп жазды олар әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, соңғы уақытта Димаш Құдайберген шығармашылық қызметімен қатар жақындарының қуанышына да уақыт бөліп жүр. Бұған дейін әнші жаңа әлемдік концерттік турын бастайтынын мәлімдеген болатын.