06.08.2026, 15:40

«ЛГБТ-ға қарсы болып, АҚШ-қа көшті»: Нұртас Адамбай желідегі сындарға жауап берді

Фото: Instagram.com/nurtasadambay

"Кімнің қалай өмір сүретіні, немен айналысатыны – әркімнің жеке таңдауы".

Қазақстандық режиссер, актер әрі продюсер Нұртас Адамбай АҚШ-қа қоныс аударғанына қатысты әлеуметтік желіде айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы ол «Кино Солидарность» подкастында айтты.

Продюсердің сөзінше, қазір ол АҚШ-та студент мәртебесімен тұрып жатыр. Ағылшын тілін меңгеріп, өнер саласы бойынша білім алып жүргенін айтқан Адамбай АҚШ-тың «таланттар визасын» алу үшін де құжат тапсырғанын жеткізді.

Сұхбат барысында ол ЛГБТ тақырыбына қатысты бұрынғы ұстанымы үшін сынға ұшырап, соған қарамастан АҚШ-қа көшкені жөніндегі пікірлерге де тоқталды.

«Мен ешқашан қандай да бір адамдарға қарсы болған емеспін. Кімнің қалай өмір сүретіні, немен айналысатыны – әркімнің жеке таңдауы. Менің қарсылығым адамдарға емес, осындай құндылықтарды насихаттауға қатысты болды. Біреуді айыптайтын немесе бағалайтын адам емеспін», – деді ол.

Нұртас Адамбайдың айтуынша, АҚШ-қа келгеннен кейін ЛГБТ насихаты кеңінен жүргізіліп жатқанын байқамаған. Оның пікірінше, бұл мәселе төңірегіндегі қоғамдық талқылау Қазақстанда әлдеқайда жиі кездеседі.

«Кейбір адамдар "өзі сондай дүниелерге қарсы сөйлеп жүріп, АҚШ-қа кетіп қалды" дейді. Бірақ бұл мәселеге ақылмен қарау керек. АҚШ-та әркім өз өмірімен өмір сүреді. Ал дәл осы тақырыптың айналасындағы шу Қазақстанда көбірек сияқты», – деді продюсер.

Сонымен қатар Нұртас Адамбай шығармашылыққа деген көзқарасының өзгергенін айтып, осыған байланысты бұрын түсірген фильмдерін ресми платформалардан алып тастағанын мәлімдеді.

«Қазір ер адамның әйелдің киімін киіп шығуына негізделген фильмдерді түсіру де, көрсету де дұрыс емес деп есептеймін. Осы көзқарасқа келген соң барлық туындыларымды, оның ішінде "Келінка Сабина" фильмін де ресми платформалардан алып тастадым. Қазір олар еш жерде ресми түрде қолжетімді емес», – деді ол.