Сағынышымды осылай еркелеп жүріп басып алдым.
Қазақстандық әнші Мөлдір Мұқанова туған ауылына барып, балалық шағының ыстық естеліктерімен бөлісті. Өнер иесі әлеуметтік желіде ауыл тіршілігінен видео жариялап, оқырмандарының ықыласына бөленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әнші ауылдың қарапайым тұрмысын ерекше сағынатынын айтып, өзенге шомылып келгеннен кейін ыстық шай ішіп, сары ірімшікті сұйық қаймаққа араластырып жеудің өзін сағынғанын жеткізді. Оның айтуынша, табиғи сүттің, қаймақ пен құрттың дәмінің артында үлкен еңбек, төзім мен мал шаруашылығына деген жауапкершілік жатыр.
Мөлдір Мұқанова анасының қасында жүріп сиыр сауып, сүт тартқан күндерін еске алып, туған ауылына деген сағынышын осылай басқанын айтты.
«Анамның жанында жүріп сиыр сауып, сүт тартқанымды да сағыныппын. Сағынышымды осылай еркелеп жүріп басып алдым. Рақмет саған, ауылым! "Қазаның оттан түспесін" деген ақжарма тілек тілімнен түспей қойды», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол анасының әрбір қимылы өзіне үлгі екенін айтып, «Анаңа тартқансың» деген сөздің өзі үшін ең үлкен мақтау екенін жеткізді.
Өнер иесі маздап жанған оттың басында бауырсақ пісіріп, балалық шағын, анасының мейірімін сағынышпен еске алғанын айтып, әр шаңыраққа береке мен молшылық тіледі.
Желі қолданушылары Мөлдірдің қарапайымдылығына тәнті болып, «Ауылға келін болатын жан екен», «Нағыз қазақ қызы», «Ауылдың тәрбиесі көрініп тұр» деген жылы пікірлерін қалдырды.