"Бұл – менің тағдырым".
Бұрынғы Мәжіліс депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жеке өмірі мен отбасы жайлы аз-кем пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, ол отбасы, үш жұбайы және балалары туралы көпшілік алдында егжей-тегжейлі айтуды құп көрмейді. Дегенмен журналистің сұрақтарына қысқаша жауап берді.
Бекболат Тілеухан анасының үшінші келінімен танысып үлгермегенін айтты.
«Төсегімдегі әңгімені айтпай-ақ қояйықшы. Раушан, Кенже, Жанар – балаларымның аналары. Мен олардың бәрін құрметтеймін. Қазір бірдеңе айтсам, баламның көңіліне тиеді, Раушанның туыстары бар, олардың көңіліне тиеді, Кенженің көңіліне тиеді, Жанардың көңіліне тиеді», – деді ол.
Сұхбат барысында журналист «Өмірге қайта келсеңіз, тағы да үш рет үйленер ме едіңіз?» деген сауал қойды.
Бұл сұраққа экс-депутат мұның өз тағдыры екенін айтып, өткен өміріне өкініші жоқ екенін жеткізді.
«Бұл – менің тағдырым. Коммунист Бауманның "екінші рет өмірге келсем де, осы жолмен жүрер едім" деген сөзі бар. Сол сияқты Алла тағала маған иманды, алтындай қазақтың қыздарын жар етіп нәсіп етті. Әрқайсының өз орны бар», – деді Бекболат Тілеухан.
Сонымен қатар ол балаларының өзге ұлт өкілдерімен отбасын құруына қарсы емес екенін айтты. Алайда болашақ жарының мұсылман болғанын қалайтынын жеткізді. Сонымен бірге балаларының мамандық таңдауы мен діни ұстанымына ықпал ету мүмкін емес екенін де мойындады.