Танымал әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың бесінші қызы Рәбия Сұлтанның тұсауы кесілді. Тұсау кесу рәсіміне белгілі журналист Динара Сәтжан қатысты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Актриса қазақтың дәстүрлі рәсімінің мән-маңызына да тоқталған.
«Тоқ ішек – тоқшылықтың, молшылықтың нышаны. Халқымыз “тоқ болсын” деп тілеген. Бұл – береке мен тыныш өмірдің белгісі.
Жасыл шөп – өмірдің өзі. Өсім, жаңару, үміт… Әр көктем сайын тіршілік қайта түлейді.
Ала жіп – адалдықтың белгісі.
Дәстүр бойынша қызымызды жалаң аяқ жерге тұрғыздық. Табанымен көкті басып, жер қуатын алып, жылуын сезініп, тіршілігін жалғастырсын. Әр қадамың Жер-анаға аманат! Бұл – сенің тағдырыңның бастауы.
Салтымызды сақтап, дәстүрді жалғап, Рәбия Сұлтанның тұсау кесу рәсімін жасадық», – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.
Желі қолданушылары да жас отбасыға ақ тілектерін жаудырып, алайда тұсауды кімге кестіргеніне қатысты пікірлерін білдірді. Кейбір оқырман бұл рәсімге Рәбия Сұлтанның әжесі немесе енесі лайық болғанын жазған.
«Өзінің анасы мен енесі тұсау кесуге әбден лайық жандар. Той құтты болсын! Соны айтам да, тұсау кесерде дұрысына кістірмеді ме екен? Бәрі жақсы, тек тұсауын басқа кестіргені дұрыс еді. Қазақтың бетке ұстар жас аналары бар еді ғой. Қазақ өзі ырымшыл халық, бұның несіне ырымдады екен? Өз енесі Гүлзираға кестіру керек еді. Өз енесіне жетер ешкім жоқ», – деп пікір қалдырған желі қолданушысы.
Желіде рәсімнен түсірілген видео да тарады.