$ 465.19  536.55  5.61

«Мүмкін басқа әйел алу керек шығар деп ойладым»: Өмірқұл Айниязов отбасындағы қиын кезеңді еске алды (ВИДЕО)

Махаббат бірінші болу керек.

Фото: Әлеуметтік желіден
Фото: Әлеуметтік желіден

Әнші Өмірқұл Айниязов отбасы, ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат және бала сүю жолындағы қиындықтары туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі «Kezdesu» ютуб арнасына берген сұхбатында отбасында ең алдымен махаббат болуы керек екенін атап өтті.

«Махаббат бірінші болу керек. Кейбір адамдар «махаббат жоқ, бала үшін жүреді» деп жатады. Олай болмайды деп ойлаймын. Махаббат болмаса, біреудің қасына жату да оңай емес. Сондықтан бірінші махаббат, содан соң сыйластық, бағалау», — дейді әнші.

Өмірқұл Айниязов 21 жыл бойы бала сүйе алмаған кезеңде түрлі ой келгенін жасырмады. Тіпті басқа әйел алу туралы да ойлағанын айтты

«Кейде қалжыңдап айтамын, кейбіреулер 4-5 баласымен ажырасып жатады, біз 1 баламен ажырасуға жүрегіміз дауаламады. 21 жыл бойы балалы бола алмай жүрген кезде адамның басына неше түрлі ой келеді. Мен де «мүмкін басқа әйел алу керек шығар» деп ойладым. Бірақ жалғыз баламның көзі мөлдіреп басқа жақта жүргенін елестете алмадым. Адамның жүрегіне, табиғатына байланысты шығар. Менің жүрегім ондайға дауаламады», — дейді ол.

Сондай-ақ әнші кейінгі екі баласының ЭКО арқылы дүниеге келгенін ашық айтып, бұл тақырыптан ұялуға болмайтынын жеткізді.

«Кенже ұлымыз ЭКО-мен дүниеге келді. Бәріне қызық болды, сұрады. Жасырудың қажеті жоқ, кейінгі екі баламыз да ЭКО арқылы дүниеге келді. Оның өзі де оңай емес. Ол дүниемен 2013 жылдан бастап айналыссақ, 2021 жылы балалы болдық. Алладан бұйрық келмесе, онымен де болуы оңай шаруа емес», — дейді Өмірқұл Айниязов. 

Әнші бала сүю мәселесінде қиындыққа тап болған жастарға уақытты жоғалтпай, мамандарға ертерек жүгінуге кеңес берді.

«Сондықтан мұндай мәселесі бар адамдар ертерек бастағаны дұрыс. Мысалы, мен соған келмей, көп жүріп қалдым. Баяғыда барғанымда балаларымыз үлкен болатын еді. Қазақылыққа салынып, елден ұялап қалмау керек. Көп жас балалармен әңгіме айтқанда «уақыт өткізбе, мәселені түбіне дейін шешу керек» деп айтамын», — деп қорытындылады әнші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0