$ 465.19  536.55  5.61

«Жүрекке ауыр тиетін қаралы хабар жетті»: Толқын Забирова жантебірентерлік жазба жариялады

Өнер иесінің айтуынша қаралы хабар оған өте ауыр тиген.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Танымал әнші Толқын забирова марқұм ұстазына жазба арнады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесінің айтуынша қаралы хабар оған өте ауыр тиген.

"Кеше мен үшін жүрекке ауыр тиетін қаралы хабар жетті. Мектебімнің директоры, менің өнер жолымның алғашқы қадамдарына сенім білдірген аяулы ұстазым Момынов Пернебек Момынұлының дүниеден өткенін естіп, көңілім құлазып отыр. Адам өмірінде ұмытылмайтын, оның бүкіл тағдырына әсер ететін сәттер болады. Менің өмірімде сондай сәттің бірі — мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезім. Ол кезде мектепке қабылдану мерзімінен кешігіп қалған едім. Бірақ Пернебек Момынұлы мені сыртқа теппей, жағдайымды түсініп, өнеріме мүмкіндік берді. Ән айтатынымды тыңдап: «Мұндай қызға ешқандай емтиханның қажеті жоқ», — деп, мені мектепке қабылдаған еді. Бұл — жай ғана айтылған сөз емес. Бұл — бала бойындағы талантты көре білген үлкен жүректің, көреген адамның шешімі еді. Сонымен қатар, тек маған ғана емес, интернаттан шықпай, жатып оқып жүрген балаларды, өз демалыс күнінде, тауға, өзенге апарып, қамқорлық танытқан кең жан еді. Пернебек Момынұлының бойында нағыз азаматқа тән адамгершілік, парасат, кеңдік, сабыр мен көрегендік бар. Ол сол күні менің құжаттарымнан бұрын, жүрегімдегі арманға қарады. Менің бойымдағы өнерге сенді. Маған ең қымбат сый — мүмкіндік берді. Адамның тағдырын өзгерту үшін кейде үлкен дүниенің қажеті жоқ екен. Бір ауыз жылы сөз, бір сәттік сенім, бір ғана мүмкіндік — адамның бүкіл өміріне жол сілтеуі мүмкін. Артында өшпес із, жақсы есім, саналы шәкірттері мен жарқын естеліктері қалды. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша шәкірттері мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пернебек Момынұлының жарқын бейнесі, адамға деген мейірімі мен бір кездегі маған артқан сенімі менің жүрегімде мәңгі сақталады. Қош болыңыз, ардақты ұстаз. Сіз берген мүмкіндік — менің өмірімдегі өшпес аманат. Шәкіртіңіз, Толқын Забирова", - деп жазды ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0