14.08.2026, 14:40

«Әр сөзіне жауап береді»: Динара Сәтжан емшіге шыққан сот үкіміне пікір білдірді

Фото: Инстаграм

Сот үкімімен емшіге 1 миллион 557 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Танымал тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан әлеуметтік желіде өзіне және Баян Алагөзоваға тіл тигізген ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты сот шешімінен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сот үкімімен емшіге 1 миллион 557 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Динара Сәтжанның айтуынша, бірнеше ай бұрын Бағдагүл әлеуметтік желіде оған, Баян Алагөзоваға және тағы бірнеше танымал тұлғаға қатысты ауыр сөздер айтып, түрлі айыптаулар жасаған.

Тележүргізуші бұл жағдайға әлеуметтік желі арқылы жауап бермей, мәселені заң аясында шешуді жөн көргенін айтты.

«Дауласпадық, әлеуметтік желіде оны желіктіріп, кері реакция жасамадық. Біз тек сотқа бердік. Кеше Баян екеуіміз сотта жеңіске жеттік», – деп жазды ол.

Динара Сәтжан сот тағайындаған айыппұлдың өзіне немесе Баян Алагөзоваға берілмейтінін, оның мемлекет қазынасына төленетінін атап өтті. Сондай-ақ мұндай әрекет қайталанған жағдайда емшіге қатаңырақ жаза қолданылуы мүмкін екенін жеткізді.

«Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек», – деді тележүргізуші.

Сонымен қатар Динара Сәтжан алда тағы бір сот отырысы өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, келесі іс қорлау дерегіне қатысты қаралады.

Тележүргізуші жұртшылықты әлеуметтік желіде өзгенің ар-намысына тиетін сөздерден сақ болуға шақырды.

«Сөз бостандығы – аузыңа келгенді айту емес. Сөз бостандығы – өз сөзіңе жауапкершілік ала білу», – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік «TikTok-емшінің» қызметіне қатысты бірқатар мәселені көтерген болатын. Атап айтқанда, олар емшінің табысы мен салық төлеуі, сондай-ақ адам емдеуге қажетті лицензиясының бар-жоғына қатысты сұрақ қойған.

Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Оның тікелей эфирлердегі кейбір мәлімдемелері әлеуметтік желіде қызу талқыланып, Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері дау туғызған.

Кейін сот емшіні Динара Сәтжан мен Баян Алагөзоваға жала жапқаны үшін кінәлі деп танып, 1 миллион 557 мың теңге айыппұл салды.