Әнші Әділет Жауғашар желіде үлкен пікірталас тудырған “Сүй, иә” әнінің мәтінін өзгертті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі көпшіліктің сынынан кейін туындыдағы ең көп талқыланған жолдарды қайта жазған. Бұған дейін әннің қайырмасындағы:
“Сұлудың жоқ дегені – иә,
Жоқ деуге келтірмеші, сия.
Одан да мені қатты сүй, ия,
Сүй, ия! Сүй, ия!” – деген жолдар көпшіліктің наразылығын тудырған еді.
Желі қолданушылары әсіресе “Сұлудың жоқ дегені – иә” деген тіркесті сынға алып, мұндай сөздер адамның “жоқ” деген жауабын елемеуді қалыпты етіп көрсетуі мүмкін екенін жазды.
Енді әннің осы бөлігі толығымен өзгертілген. Жаңа нұсқада:
“Сұлудың жоқ дегенін сыйла,
Сезімді ала алмайсың қинап.
Қыздарды жамандыққа қима,
Қима”, – деп айтылады.
Әншінің бұл шешімі желі қолданушыларының да назарынан тыс қалмады. Көпшілік Әділет Жауғашардың сыннан кейін ән мәтінін өзгертіп, өз ұстанымын қайта қарағанын оң бағалап, жылы пікірлер қалдырған.
“Жарайсың, қатеңді мойындау да ерлік”, “Осы нұсқасын шығарса, әдемі болар еді”, “Осы версиясы жақсы екен”, – деп жазды желі қолданушылары.
Дегенмен әннің бастапқы нұсқасын жақтағандар да табылды. Олардың пікірінше, алғашқы мәтінде зорлық-зомбылыққа шақыратын немесе теріс мағына болған жоқ, ал “Сұлудың жоқ дегені – иә” деген жол басқа мағынада айтылған.
“Негізі маған осы ән ұнайды. Мәтінінің жаман мағынада жазылмағаны көрініп тұр”, “Бұл әннің ешқандай жамандығы жоқ еді. Сөздеріне дұрыс мән берсеңіздерші”, “Сұлудың жоқ дегені – иә” деген басқа мағынада айтылған еді”, “Оригиналы жақсы еді”, – деп пікір білдірді олар.