Бұл туралы ол Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты.
Психолог Құралай ханым бауырының қазасынан кейінгі ауыр кезеңі туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтып, жақынын Алматыдан Астанаға көшіргеннен кейін болған қайғылы жағдайға өзін іштей кінәлағанын жеткізді.
Құралай ханымның айтуынша, пандемия кезінде анасының денсаулығына байланысты жақындарын елордаға көшіріп алған. Алайда бауыры Астанада бір жыл да тұра алмай, қаза болған. Қайғылы хабарды психолог шетелде жүргенде естіген.
«Мен өзімді кінәлай бастадым. Алматыда 45 жыл тұрған адам еді. Мүмкін, Астананың суық ауа райына жүрегі шыдамаған шығар, туған жерінен, достарынан алыстап кетті деп ойладым. Сол кезде қатты депрессияға түстім», – деді ол.
Психологтың айтуынша, бауырының жұбайы да оған бұл үшін өзін кінәламауға кеңес берген. Оның сөзінше, марқұм қайтыс болар алдында шаруасын реттеп, ұлына үй алып беріп, отбасының жағдайын жасап кеткен.
«Ерте кетсе де, ер адам, күйеу, әке ретінде өзінің миссиясын толық орындап кетті», – деген жеңгесінің сөзі Құралай ханымға рухани демеу болған.
Ол бұл қайғыны бірнеше жыл бойы еңсеруге тырысқанын айтты. Кейін рухани сабақтар мен тағдырды қабылдау оған жеңілдік берген.
«Түсіну өте қиын болды, екі жылдай өте қатты қиналдым. 2021, 2022, 2023 жылдар мен үшін өте қиын болды. Бұған дейінгі көрген сынақтарым мұның қасында ойын сияқты болып қалды. Жақын адамыңнан айырылу — өте ауыр қайғы, мұндайды ешкімнің басына бермесін. Сол кезде мен: «Бүкіл әлем жиналып басыңа күлсе де мейлі, бірақ бәрі жиналып басыңа жыламасын. Жылағаны — ең жаманы екен» деп жазған едім. Ол кезде маған бүкіл Қазақстан күліп жатқандай көрінген, бірақ ол күлу деген ойнамай қалды», — деп түйіндеді сөзін блогер.