Мен өнерді сүйемін.
Актер, композитор әрі режиссер Рамазан Амантай сыртқы келбеті мен салмағына қатысты пікір білдіргендерге жауап берді. Өнер иесі көпшіліктен оның дене бітіміне емес, шығармашылығына баға беруді сұрады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Рамазан Амантай әлеуметтік желідегі парақшасында өнерге бар ғұмырын арнағанын жазды. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 12 фильм түсіріп, 600 ән жазған. Кейбір шығармалары күткен нәтижеге жетпей, фильмдері касса жинамаған кездің өзінде өнерден бас тартпаған.
«Не істейін? Өнерді тастайын ба? Мен өнерді сүйемін. Түсірген кином өтпей қалды екен деп, касса жинамады деп ешқашан өзім жақсы көретін істен бас тартпадым», – деп жазды ол.
Өнер иесі салмағы мен денсаулығы өзіне де алаң болатынын жасырмады. Сонымен қатар көрерменнің пікірі мен сыны өзі үшін маңызды екенін атап өтті.
Рамазан Амантай қазақ тілінде шығармашылықпен айналысуды саналы таңдауы әрі мақтанышы екенін айтты. Оның пікірінше, қазақ өнерінің өзіндік тілі, әзілі, сөзі мен әні болуы керек.
«Жақсы шықса да, қате кетсе де, осы тіліміздің дамуына өз еңбегімді қосып жүргенімді сезінемін», – деді актер.
Ол фильмдері мен әндерін қазақ тілінде ұсынуының өзіндік себебі бар екенін айтып, негізгі көрермені мен тыңдарманы қазақтілді аудитория екенін жеткізді.
«Не айтсаңыздар да, мен сіздерді жақсы көремін. Себебі менің көрерменім де, тыңдарманым да – өздеріңіз. Менің басқа аудиториям жоқ», – деп жазды Рамазан Амантай.
Актер шығармашылықта қателік болуы мүмкін екенін мойындады. Дегенмен көпшіліктен өнер иесін сыртқы келбетіне қарап бағаламауды өтінді.
«Салмағым үшін мені өнерден қумаңыздар. Менің денем емес, еңбегім мен өнерім бағаланса екен», – деді Рамазан Амантай.