ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі 28 тамызда 10 жылдығын атап өтеді. Осыған байланысты мекеме қызметкерлері бірқатар шаралар кешенін ұйымдастырды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Атап айтқанда, Музейдің қазіргі замандағы қоғамда алатын орны туралы халықаралық ғылыми-практикалық конференция, танылған мұражай мамандарының қатысуымен музейлік педагогика мен Қазақстандағы музей ісінің өзекті мәселелеріне арналған шеберлік сыныптары өтеді. Сонымен қатар, Күмбез залында меймандар «Бізге 10 жыл!» фото көрмесінің материалдарымен таныса алады».
Астана қала әкімдігінің ресми сайтының хабарынша, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі 10 жылдан бері жас қала елорданың құрылу тарихын сақтап келеді, сондай-ақ, Мемлекет басшысының өмірімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Музейде Президентке табыс етілген естелік белгілерін, оның жеке заттарын, құжаттарды, кітаптарды, интерьер заттары мен жиһаздарды тамашалауға болады. Жалпы, 126 мың экспонат бар.
— Жаңа тарихтың бейнесі бола тұра, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Музейі өз алдына ерекше мемориалдық материалдарды сақтау және Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларын насихаттау, тәуелсіздігімізді қалыптастыру мен дамыту жолында оларды жүзеге асыру міндетін қойып отыр, —дейді Музей директоры Алма Сағынғали.
Оның айтуынша, ҚР Президентінің Музейі жоғары деңгейде өткен кездесулер мен келіссөздердің атмосферасын сақтап қалған, маңызды шешімдер қабылданған орын. Өйткені, ғимарат жеті жыл бойы Мемлекет басшысының Астанадағы алғашқы резиденциясы болды. Ал 2005 жылдан бері онда Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің қалыптасуындағы рөлімен танысуға болады. Бұдан басқа, ғимаратта көркемдік және қолөнер көрмелері, түрлі мәдени шаралар жиі өткізіледі.