Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,
Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева қыздардың тұрмысқа шығуына қатысты пікірін білдірді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, қыз баланың қашан тұрмысқа шығатынын және ана атанатынын қоғам емес, оның өзі шешуі керек. Ол қоғамда әлі күнге дейін сақталған стереотиптерді сынға алды.
«Қыздың қашан тұрмысқа шығатынын, қашан ана атанатынын қоғамдағы жалпы пікір емес, қыздың өзі шешеді. Себебі біздің қоғамда бір қалыптасқан стереотип бар. Қыз он сегізге келсе: “Неге бұл күйеуге тимейді?” дейді. Жиырма беске келсе: “Ойбай, мына қызым қартайды, қашан теңін табады?” деп жатады.
“Кәрісің” деген де бір стереотип бар. Ата-ана болсын, қоғамның пікірі болсын, менің жеке көзқарасым бойынша, бұл дұрыс емес», – деді Айгүл Иманбаева.
Өнер иесінің пікірі желі қолданушыларының арасында қызу талқыланды. Көпшілік әншінің сөзімен келісіп, қыздардың алдымен білім алып, өзін жан-жақты дамытуы маңызды екенін атап өтті.
«Солтүстікте қыздарымызға “тұрмысқа ерте шық” деп айтпаймыз. 25–28 жасқа келгенде шықса жетеді», «Дұрыс айтасыз! Қызымның жасы 24-те. Жан-жақтыларым “тұрмысқа бер” деп маза бермейді. Оқысын, тоқысын, әрі қарай дамысын!» – деп жазды желі қолданушылары.