28.10.2026, 10:40

«Енді аямаймын!»: Дариға Бадықова ашуға булығып, ескерту жасады

Коллаж: Sn.kz

"Әр нәрсенің шегі бар! Ұнамай ма? Қарама!"

Продюсер әрі актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында ашуға толы жазба жариялап, өзіне намысына тиетін сөздер жазатындарға бұдан былай үнсіз қалмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі өзгелердің өмірін сынап, мазақ ететін адамдарға жауап қатты.

Ол жазбасында біреудің тағдырын талқыламас бұрын, әркім өз өмірі мен балаларының болашағы туралы ойлануы керегін ескертті.

«Бүгін біреудің өмірін табалап, ертең өз бастарыңа не келетінін білмейсіңдер. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңның ертеңгі тағдыры қандай боларын да білмейсіңдер. Ешкім баласының болашағына, денсаулығына, бақытына кепілдік бере алмайды. Сондықтан өзгенің тағдырын талқыламас бұрын, осыны бір ойланыңдар!» – деп жазды ол.

Сондай-ақ продюсер өзін сынайтын адамдарға біреудің өмірін аңдып, пікір жазудың орнына, өздерін дамытуға кеңес берді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін үндемей келгенін әлсіздік деп қабылдауға болмайды.

«Менің үндемегенімді әлсіздікке, тәрбиемді қорқақтыққа баламаңдар. Үндемегенге үдемеңдер! Әр нәрсенің шегі бар! Ұнамай ма? Қарама! Жақпай ма? Жазылма! Көргің келмей ме? Парақшама кірме! Мен ешкімді өз өмірімді көруге мәжбүрлеп отырған жоқпын!» – деп жазды Дариға Бадықова.

Сөз соңында өнер иесі намысына тиетін адамдарға енді жауапсыз қалмайтынын айтып, өзін өзі қорғауға мәжбүр екенін жеткізді.

«Енді аямаймын намысқа тиетін адамдарды! Өзімді өзім қорғауым керек!» – деп түйіндеді ол.