$ 451.87 € 507.31 ₽ 5.53

«Ешкімге көрсетпей жылап аламын»: Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуін есіне алды

"Қайрекеңнің бақилық болғанына бүгін төрт жыл…"

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жары Қайрат Беркімбаевты еске алып, оның өмірден өткеніне төрт жыл толғанын айтты. Ол осы уақыт ішінде жолдасымен ойша сырласып, әлі күнге дейін сағынышын жеңе алмай жүргенін жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентер жазба жариялап, марқұмды сағынышпен еске алатын, дұғасына қосып жүретін жақындарының барына шүкіршілік ететінін жазды.

Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, уақыт өткеніне қарамастан, Қайрат Беркімбаевтың қазасы оның жүрегіндегі жараны жазбаған. Кейде ешкімге білдірмей, оңаша жылап алатынын да жасырмады.

«Қарашаның ызғары… Қайрекеңнің бақилық болғанына бүгін төрт жыл… Өзіңсіз төрт күз, үш қыс, төрт көктем өтті. Бірақ сен кеткен қарашаның ызғары бәрібір жүрегімізден кеткен жоқ… Уақыт емдемейді екен. Тек сағынышпен өмір сүруді үйретеді. Оңай емес… Қатты қиналған сәттерде ешкімге көрсетпей, кейде оңаша жылап аламын. Шыным», – деп жазды ол.

Сондай-ақ тележүргізуші марқұм жарына балалардың өсіп келе жатқанын, немерелерінің өміріндегі жаңалықтарды ойша айтып, сырласатынын жеткізді. Үлкен немересі Ажардың шетелде білім алып жүргенін, ал жиен немересі Таймастың дүниеге келгенін де атап өтті.

Ләйлә Сұлтанқызы жазбасының соңында Қайрат Беркімбаевты ұмытпай, дұғасына қосып жүрген жандарға алғысын білдіріп, марқұмның жаны жәннатта болсын деп тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0