10.11.2026, 12:40

Қайырымдылық жасамақ болған танымал блогерді көпбалалы ана алдаған

Фото: әлеуметтік желі

Блогер бір отбасыға көмектесіп, үйін жөндеп беруді көздеген. 

Super.mamasita лақап атымен танылған блогер Әлия Байтуғаева қайырымдылық жасауды жоспарлаған отбасының шындыққа жанаспайтын мәлімет бергенін анықтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Блогер бір отбасыға көмектесіп, үйін жөндеп беруді көздеген. Алайда жағдайды өз көзімен көру үшін барған кезде әйелдің айтқан әңгімесі шындыққа сәйкес келмейтіні белгілі болған.

Әйел блогерге балаларымен бірге бұл үйде 2017 жылдан бері тұрып келе жатқанын айтқан. Бірақ барған кезде үйдің бос тұрғаны бірден байқалған. Бастапқыда әйел өз сөзінен айнымай, жағдайды түсіндіруге тырысқан. Алайда ұлының шындықты айтуынан кейін ол бастапқы әңгімесінің жалған екенін мойындаған.

Кейін әйел бұл үйде тұрмайтынын және үй иесінің рұқсатынсыз блогерлерді ол жерге шақыра алмайтынын түсіндірген. Дегенмен баспананың нақты иесі кім екені және әйелдің мұндай әрекетке не себепті барғаны әзірге белгісіз.

Әлия Байтуғаева бұл оқиғаны жариялаудағы мақсаты біреуді қаралау немесе хайп жинау емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, қайырымдылыққа деген халықтың сенімін теріс пайдалануға болмайды. Сондай-ақ блогер видеодағы адамдардың жеке басын жария етпеу үшін олардың жүздерін әдейі жасырған.

«Мен ешкімге тегін жөндеу жасап беруге міндетті емеспін. Біреудің есебінен пайда көргісі келетіндер болса, бұл сіздерге арналмаған. Еңбек етіп, ақша жинап, өз күштеріңізбен жағдай жасауларыңыз керек», – деп жазды блогер.

Сонымен қатар ол қайырымдылықтың да өз жауапкершілігі бар екенін атап өтіп, адамдарды өзгелерді алдамауға және ең алдымен өз ар-ұжданының алдында шыншыл болуға шақырды.