Қазақ ән өнерінің падишасы Роза Бағланованың келіні желіде жан сырын ақтарды.
Әншінің келіні туралы продюсер Әлия Құдайбергенова мәлімдеді.
“Аңыз адамның үйіне бардық. Апамыздың ізі, үні, күйі қалған, естеліктері қалған шаңырағына бардым. Алдағы уақытта апамыз үшін қадірлі болған, 15 жыл тұрған үйі туралы аз-кем келінімен болған сұқбатты, әсерлі видеоларды көресіздер.
Көп отырдық. Ұққаным Марал бұл отбасына ғайыптан келген екен. Келу керек болған соң келген екен. Роза апамыздың тілеуі боп келген екен…Келіні былай деді: Ол кісі жел сөз, өсек әңгіме айтпайтын. Мүлде! Біреуді жамандау, біреудің сыртынан сөз айту дегенді білмейтін;
Қара басын күйттеп, өз жағдайын ғана жасап бөлмесін құлттап алып отырмайтын, немерелері астаң-кестеңін шығаратын жатын бөлмесінің, менің байлығым осылар деп, немерелеріне аз ғана жылда ғұмырлық махаббатын төгіп кетті. Үлкен ұл мен қыз апалары туралы әңгіме болса, көңілі босап қала беретіні содан;
Ол кісі жоқшылық көріп өсті. Ештеңені қор қылмайтын. Нанның ұсағына дейін қадірлеп отыратын. “Мынаны жемеймін, ішпеймін” деп тәкаппарлық танытпайтын. Қуырдақ жақсы көретін;
Адам менсінбеу, боқтық сөз айту, “ұнамағанын қағып жіберу” дегенді білген жоқ. Ондайды өзіне рұқсат етпейтін;
Ішкі мәдениеті жоғары адамдарды бағалады. Менің әкемді солай дейтін. “Құдамның мәдениеті қандай!” деумен өтті. Менің әжем, әкем, туыстарым енемді құдағи емес, “Апамыз” деді; Әлі күнге дейін мамамның (енесі) үйреткен бауырсағының рецептін пайдаланамын;
Ұлымен (жолдасымен) келіспей қалып, арыз айта бастасам, жай ғана қолын күнді көлегейлегендей көтеріп: “түщ жаным, жарты сағаттан соң сөйлесейік” дейтін. Расында әңгімеміз басқаша өрбитін, жарты сағаттан соң. Даналығы ғой. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін бөлмесінен әсемденбей, шашын реттемей, әтірін сеппей шықпайтын! Ешқашан! Әсіресе, немерелерінің көзінше нашар түрін көрсетпеді;
Мен осы шаңыраққа келін боп түскен күні-ақ армандарымды бұрышқа апарып “түйіп тастадым” Бар ойым, “Елдің адамының келінімін, жалғыз ұлдың жарымын. Осы кісі еркін жүрсін, осы кісінің жүзі жарық болсын!” дедім. Күлімсіреп жүретін. Мамамның ерекшелігі, берекесі, сұлулығы да, сол күлкісі еді, деді Марал», — деп жазды ол.