$ 447.52 € 502.21 ₽ 5.41

Ақан Сатаевтың ашаршылық туралы фильмінің премьерасы кейінге шегерілді (ФОТО)

Фильмнің жаңа премьера күні мен кинотеатрлардағы көрсетілім кестесі кейінірек жарияланады. 

Фото: Инстаграм (orintaybeisenbek)
Фото: Инстаграм (orintaybeisenbek)

Режиссер Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильмінің тұсаукесері мен кинотеатрлардағы көрсетілімі кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы SATAIFILM киностудиясы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды. 

Фильмнің премьерасы 10 қарашада Алматыдағы Forum сауда орталығында өтуі керек еді. Ал 11 қарашадан бастап туындыны еліміздің кинотеатрларынан көрсету жоспарланған. Алайда тұсаукесерге санаулы сағаттар қалғанда көрсетілімнің кейінге шегерілгені белгілі болды.

Киностудия өкілдері мұны барлық қажетті рәсімдерді аяқтауға қосымша уақыт қажет болуымен түсіндірді. Алайда қандай рәсімдер туралы сөз болып отырғанын нақтыламады.

«Барлық қажетті рәсімді аяқтау үшін бізге қосымша уақыт қажет. Осы маңызды кешті бізбен бірге өткізуге ниеттенген жандардан кешірім сұраймыз. Түсіністік танытып, қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамыз. Әзірге премьера мен прокатты шамамен бір аптаға шегеруді жоспарлап отырмыз», – делінген киностудия хабарламасында.

Фильмнің жаңа премьера күні мен кинотеатрлардағы көрсетілім кестесі кейінірек жарияланады.

Айта кетейік, «Күлпәш» фильмі қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ жазушысы Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген. Картинада ашаршылық жылдарындағы қазақ отбасының ауыр тағдыры баяндалады.

Фильмнің басты кейіпкері Күлпәш күйеуі және кішкентай ұлымен бірге жоқшылықтың зардабын тартады. Отбасын асырауға шамасы келмеген күйеуі үмітін үзе бастаса, Күлпәш жақындарын аштықтан аман алып қалу үшін қиын таңдау алдында қалады.

Туындыда ананың балаға деген махаббаты, отбасы үшін күресі мен ашаршылықтың адам тағдырына тигізген ауыр зардабы көрсетіледі. Фильмге Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров, Байкенже Белбаев және басқа да актерлер түскен.

Киностудияның жазбасына пікір қалдырған көрермендер шығармашылық топқа қолдау білдіріп, фильмнің жарыққа шығуын асыға күтетіндерін жазған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0