19.11.2026, 17:40

«Димаш, енді сен мексикалықсың!»: Әншіні Мехикода ерекше қарсы алды (ВИДЕО)

Фото: Dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексиканың астанасы Мехикоға барды.

Димаш Құдайбергенді Мехикода жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексиканың астанасы Мехикоға барды. Өнерпазды әуежайда күтіп алған жанкүйерлер Қазақстан мен Мексиканың туын ұстап, қошемет көрсеткен. Бұл туралы DimashNews ақпараттық порталы хабарлады.

18 қарашада Мехикоға жеткен әншіні қарсы алуға көптеген жанкүйері жиналды. Олар Димашты зор қошеметпен қарсы алып, қол шапалақтап, «¡Dimash, hermano! ¡Ya eres mexicano!» («Димаш, бауырым, сен енді мексикалықсың!») деп ұрандатқан.

Жанкүйерлердің ықыласына риза болған әнші көлігінің люгін ашып, көпшілікке көрініп, қол бұлғап амандасты. Оның бұл әрекеті жиналған жұрттың қуанышын одан әрі арттырды.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген 19 және 20 қарашада Мехикодағы Palacio de los Deportes аренасында DIMENSIONS әлемдік туры аясында екі концерт береді. Қаладағы концерттер әншінің Мексикадағы турының төртінші кезеңі болмақ. Бұған дейін ол Мерида, Монтеррей және Гвадалахара қалаларында өнер көрсетті.

Мехикодағы бұл кездесу әншінің мексикалық жанкүйерлерімен бір жылдан кейінгі қайта қауышуы. Былтыр да өнерпазды ел астанасында көпшілік ерекше ықыласпен қарсы алған еді. Биыл жанкүйерлердің оған деген құрметі мен қолдауы әлі де жоғары екенін көрсетті.