Қыркүйектің 8 күні Алматыда белгілі жазушы Адам Мекебаев 75-ке қараған шағында дүние салды. Бұл туралы марқұмның жақындары хабарлап отыр.
Адам Мекебаев 1940 жылы 19 сәуірде Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы «Ақжар» кеңшарында дүниеге келді.
1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1987 жылы Мәскеудегі Дүниежүзілік әдебиет институтының жоғары әдеби курсын бітірді.
1965 жылы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, 1966 жылдан Қызылорда облыстық мәдениет басқармасында жұмыс істеп, 1971-1974 жж. аралығында Қызылорда облыстық Халық творчествосы үйінің директоры қызметін атқарды. 1974-1975 жж. республикалық «Қайнар», 1975-1981 жж. «Жазушы» баспаларында редактор болды. 1981-1982 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, 1983-1984 жж. Қазақ КСР мемлекеттік сценаристер алқасының кеңесшісі, 1987-1992 жж. «Жұлдыз» журналында, 1992 жылдан «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Қазір «Ақиқат» журналында қызмет істейді.
«Жадыра», (1970) «Жезтырнақ» (1973), «Аңызақ» (1978), «Құпия қойма» (1979), «Бойжеткен» (1982), «Айтылмай қалған аңыз» (1990) секілді оннан астам повестің басын құрған проза кітаптары мен «Періште келіншек» (1982), «Жер кіндігіндегі апат» (1992), «Дауылды жер» (1988), «Қазына сыры» (1994) романдарының авторы. 1985 жылы Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан «Лебединая печаль», 1987 жылы «Суховей» повестер жинағы орыс тілінде жарық көрген. «Құпия қойма» романы (2008), «Сырдария кітапханасы» сериясымен екі томдығы (2009) жарық көрді.
«Ерен еңбегі үшін» (2001) және Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған медальдармен марапатталған, Халықаралық «Алаш» әдеби (2005) және С.Сәдуақасов атындағы ҚР Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты.
Жазушыны ақтық сапарға шығарып салу 10 қыркүйек, сағат 10.30-да Алматыдағы Жазушылар Одағында өтеді.