Жетісулық ақын-жазушылардың 2017 жылдың екінші жартысында жарыққа шыққан туындылары кітап болып, қалың оқырманға жол тартты.
М.Нисупов, Ғ.Жандыбаев, К.Омаров, М.Керейбаев, С.Биболов, Ә.Әрін, Н.Бектемірова, Д.Мұсанов, В.Никитин, С.Тойлыбаев, С.Иманасов, Ш.Жұмаділова, Ж.Немеребаев, Е.Жүніс, Е.Айдабосын, С.Әбікен сынды жетісулық ақын-жазушылар кітабының жалпы саны – 39. Талдықорғандағы «Тіл сарайында» өткен салтанатты шараға аталған қаламгерлердің біразы қатысып, елмен қуанышын бөлісті.
Сондай-ақ, еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне өз үлестерін қосып келе жатқан, халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері де келушілердің қатарында. Олардың арасында заң ғылымдарының докторы, профессор Ө.Қопабаев, генерал Ә.Шаяхмтов те бар. Жаңа әдебиеттердің лентасын Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қиды.
«Кітап қажет емес деген қате пікір. Керісінше, ол – алтын көпір, оған деген сұраныс артып келеді. Ортамызда кітабы алғаш шыққан жас қаламгерлер бар. Соларды тариxи сәттерімен құттықтаймын», - деді әкімнің орынбасары.
Облыста жергілікті қаламгерлердің туындыларын жарыққа шығару алғаш рет орын алып отырған жоқ. Алматы облысы әкімінің қолдауымен облыстағы Қазақстан жазушылар, композиторлар одағы мүшелерінің және облыс тарихына үлес қосқан басқа да дарынды жеке тұлғалардың кітаптарын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарыққа шығару 2006 жылдан бері игі дәстүрге айналып келеді.
Д.Жұмақұлова