«Жәнібек ән салады,
Ақселеу тамсанады!»
Ел аузынан.
Қасқалдақтың қанындай ұйыған қою іңір кемерінен аса ақтарылды. Төгілмесіне болмады. Сахнаның екі шетіне молынан жұққан екен. Кең залды ортасынан сөккен қалы кілемге де сол үркек құстың қаны шашыраған. «Қай мерген атқан?!» деймін аңтарылып.
Терең сайдың тар ауызындай түйетайлана құлаған амфитеатр. Ырғалған қазақ. Гу-гу. Сайдың етегінде, сахнаның аранында Тілеш аңшы отыр. Қасында қылқаны түлемек боп мәйексары бояу жұтқан қарағайдай Сәтіш. Әрірек жайғасқаны да бір жайсаң жігіт тәрізді. Құлаштап алақан ұрады. Қазақ найқалып отыр, көлдей шайқалып. Әнді осылай тыңдау керек шығар деймін жүрегім аузыма тығылып. Кенет жанарым жағасына да қасқалдақтың қанындай қою толқын тіреліп қалғанын аңдадым. Әнді басқаша қалай тыңдауға болады?!
Сайдың етегіндегі самалалы сахнаға бір сұңқар жігіт сұқсыр қызды қуалай кеп қонды. Жүргізушілер-міс. Саңқылдап әлдене деп жатты. Әп-сәтте қара қамыс микрофонның тұсына белгілі әнші кеп, бас иіп өзгеше тұрыспен баптансын. Сол аяғын жарты кебіс алға оздырып, оң жамбасын көтерді де, белін қайқайтып, кеудесін алға төседі. Мергеннің ұмсынысына келеді. «Айбозым» аспандап берген. Ел сағынып қалған бұл әншісін. Бозбала кезінен осында жетіліп, одан үлкен шаһарға көшкен. Жігіт ағасы боп бір оралып, атасының сарайында ән сап тұр. Екі әнсіз қалай босатамыз!
- Беу, па, шіркін! - десіп жатыр жұрт. Атақты әнмен қоса асқақтап, кеу-кеулеп алған. Қамшы салдыртпай сыдыртып, тұяғы тиген тұсын қопарып, сайға тас құлатқандай күркіретіп өте шықты. Тағы бас иіп, бұрыла бергенде гүл құшақтап қыз бұралды қарсыдан. Әнші де шабытты, зар күйінде еді. Гүлді де алып, қыздың саусағын мұртымен қытықтап, ілтипат білдірді. Сыпа. Бұған қалай қол соқпайсың! Жымиып жымып барады әнші мен қыз. Ел де жымиды. Есіме сона-ау жылы естіген кәп оралады ғайыптан. Осы ағамның жастау шағы, елде жүрген кезі-міс. Филармонияда күркіреп ән ойнатқан, соңынан бозбала ерткен ағам ғой. Жұмыстан шағын концерттік бағдармен балабақшаға жұмсапты. Үрпі-шүрпі сары үрпектің алдында қуатты баритонмен ән бастағанда, бала-шаға шошып, жылай қашсын. Біріне бірі қосылып, бірінен бірі шошып жылаған. Тәрбиешілер әзер жұбатып алыпты. Бүгін де көл-көсір қуаныш, зор толқыныстан көзін дымдады балакөңіл ел. Дүбірлетіп қол соққан. Бек ризамыз!
...Атақты атамыздың атындағы ән жарысы ғой. Төрт жылда айналып кеп тұратын дүбір. Сахна төріне суретін ұстатқанбыз. Жымиып, бақылап қарап тұрды. Алдында ақтарылып келе жатқан толқындай елі анталап, ту сыртында толқынды тербеткен әнші атасы қарап тұрғанда бір сыналады жігіттің өнерпазы. Шәкірт балалармен қазылар жарыса ән салатын кеш. Мундиальда да мұндай ғаламат дәстүр жоқ! Қазақта ғана. Қазақ боп, ғажап боп қарап отырдық. Мың жылдар бойы осылай келеді екенбіз. Ой оздырған ақынын, сыр сүйгізген әншісін топқа салып, алқақотан отырып, ел тыңдаған. Еркелеткен. Қантөгістен қажығанда, күнкөрістен жерігенде жиылып ес жинаған. Есін әнмен жинаған шығар! Жырмен қуаттанған.
Біз ес жиғанша терең сайдағы үкілі қамыс микрофон бой тіктеген айдынға аққу әнші қанат жая қонақтады. Сыңсығанда самал тынған, сыңқ-сыңқ еткен шектерден тамшы үзілген, шөпілдеп көлге тамған. Аққу да, гәкку де таранып отыр айдында. Зал жел ұрған майсадай. Сайдың тасындай ағалардың кеудесі көтеріліп-басылып қояды. Егделеу әйел жібек орамалын көзіне тақай берді. Әнші сұлу да сыңқ-сыңқ ете қалды. Сыңсу ма, сыңғыр ма? Ес жиғанша күн ұясына қонып болды. Күллі кешің осылай келсе, кәнекей!..
Терең сайға бойласаң, күн ұясына асықпай қайтсін! Күркіреп «Тау ішінде» шырқалды. Сәкен атам бұл әнді алғаш шырқағанда жиырма алты жаста болыпты. Біздің әнші алпыстан асқан. Сай түбінен бозкүлте басын шұлғып қап, ырғаққа алақан дәметеді. Ел де елтіп отыр ғой. Алпыстағы атайыға қосыла кептерқанат алақан дүркіреткен.
Түнделетіп, тау ішінде жалғыз шоқытып қазақтың қанша серісі өтті қарындастың ауылының тұсынан. Сәкеннің Мыңжылқының қойнауында, Балықты әулиенің шатқалында шырқаған әні еді-ау...
Сахнадағы ағам да бір сері. Бозбала кезінде күйеу боп, кінәлі боп, қайынжұртына алғаш барыпты-мыс. Той ғой есебі. Күйеубаланың өнерпаз екенін білген қыз жұрты ән сұрапты қызды-қыздымен той соңында. Содан әнші күйеу «Балқадишаны» сылқылдатқан. Баптап жүрген әні ғой. Қызық қылғанда, енесінің есімі Қадиша екен. Сері ғой, сері. Сері үшін сергелдеңнің өзі серуендей ғана...
Тау ішінен болмаса да, әншінің көкірегіндей терең сайдың саласын қуалап шыққан үні де тербеп жіберді анталаған ағайынды. Үш-төрт әннің өзі есеңгіретіп тастады, «бұл әртістер енді қайтер?» деп, іштен тынды ел. Ендігі кезек тайжарысқа түскен шәкірт балалардыкі екен.
- Қазылардың әділдігін қазір байқаймыз! - деді соңғы қатарда отырған сары қазақ.
- Оны қалай байқайсың? - деді қасындағы келіншегі.
- Байқауға қатысқандар шығады.
Бірінші – Гран-при алған бала. Шұбартау жағынан екен, - деді әйеліне бұрылмай. «Қазылар әділ шешсе екен!» деп тіледім орнымда отыра алмай, қозғалақтап. Сары қазақ та солай ойлап отыр-ау. Әділ шешсе де, бұрмаласа да уақыт жарықтық бәрін өзі ретіне келтіреді ғой. Бірақ, мына сайға сақ қарап, сабырынан айырылып отырған елге елжірететін әнші керек, таңдайы кеберсіген ел тамсанып қалғысы келеді. Қанша серісін көз алдынан өткерді екен мына ел деймін ойым айдалаға маңып. Тағдыр әділетсіз емес шығар...
Бәйгеден озып келген жігіт өтті желдіртіп... Озса озғандай-ақ екен! Онымен құйрық тістесе келген жас жайнақ та жарау бабында екен.
Сәлден соң аяғын шекіп басып, сырнаймен құшақтасып үкілі қыз шықты. Үкісі әнтек діріл қағып, бала қамыстың басындай майда солқылмен бұлғаңдап қояды. Сыбызғыдай сызылып тұр. Сыр бойынан қашқан ақбөкен екен деймін. Қарқаралы тұсынан өте тасырқап қалғандай ма, қалай? Сырнайының бірер пернесін шалыс басып, өкінтіп аяқтады әнін.
Тағы бір әнші жігіт. Арқаның Ай жүзген айдындай даласының жүрегін соқтырған ақтабан тұлпар өзек-еспе қуалап, түстікке беттегенде тастан қайтпас тұяғы құмға батып, шабысынан жаңылып қалар-дүр. Жерсінуі де екіталай. Әннің де, әншінің де шабысы табанын қыздырған топырағынан, кеудесін жарған ауасынан ғой. Құмнан қырға жортып ұзаған түстіктің тарланбоздары да Арқаның аспаны биік атырабына ойнақтап шыға келе тасырқап қалатыны бар. Мына әншіңіздің домбыра шертісі сол батыс пен түстіктің ортасынан тел туған бір жорға майпаң. Көмекейі қосыла бебеулеп, домбырасы лекітіп, өзгеше әлдилеген. Тасырқамайды, тақасынан ұшқын шығады. Бар бол, бауырым!
«Асыл әнім менің!» деп толқып отырды қазақ. Үйге сыймай жабықтан сығалап, сал-серісіне ынтыққан елміз ғой. Алты қырдың астынан дабылын естіп, даурыққан да біз. Сол асқақ әнді жеткізген атамның кеші. Атадан тараған алтын тамыр әнші қауымның кеші. Қазақ құлаштап қол соғып отыр. Құшағына ғалам сыярдай. Қазақты әлемге аялы көзбен қаратып, елжіретіп тұрған ән ғой! Басқа не дейсің?!
Осы атамның әнін сонау зобалаң жылдары баған басындағы дауысзорайтқыштан естіп, елдегі ағайын сол бағанды құшып боздаған-мыс. Ағамды құшар інілер бағанды құшқан заман-ай!..
Қасқалдақтың қанындай қат қазақ әнінің кеші еді. Қою іңір ернеуінен аса төгіліп, бөкпе түн боп ұйыған. Қаланың самалалы сайының шаңы тозаңытып, сұйық мұнарға айналып барады. Тау ішінде, терең сайда ақбозын желдіртіп әнге салған ақынды ойлап, үйге қайтып келе жаттым тамсанып...
Cерік САҒЫНТАЙ