$ 444.22  476.38  4.82

Паң өнердің падишасы мен сазды дыбыстың сиқыршысы – Астанада

Ресейдің Халық артисі, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тағдырдың жазуымен орыс өнерін өркендеткен әлемге танымал қазақ қызы Алтынай Асылмұратова  «Астана Опера» театрының балет труппасының көркемдік жетекшісі болып елге келді. Онымен бірге Ахмет Жұбановтың шөбере жиені, Нидерландының, Германияның, Норвегияның, Ирландияның Жапонияның ең айтулы симфониялық оркестрлерінде бас дирижер болып, талғампаз еуропалықтарды өнеріне бас идірсе де, қазақ азаматы екенін қалтасындағы Қазақстанның көк паспорты айғақтайтын ұлтымыздың мақтан етер ұлдарының бірі Алан Бөрібаев та «Астана Опера» театрының бас дирижері болып оралды.

Екеуін де Елбасы қабылдаған кезінде, жаңа Елордада өнердің өркен жаюы үшін үлкен қолдау көрсетіп отырғанын, бар-жоғы екі-ақ жылда салынғанына қарамастан, көлемі жағынан да,сән-салтанаты жағынан да әлемдік опера театрларының бастапқы үштігін түйіндейтін біздің «Астана Опера» театрының деңгейін көтеру үшін әлі талай шаруа істелу керектігін айтқан еді. Дарынды дирижер Алан туралы азды-көпті білеміз. Ал Петербургтегі атақты Марин театрының прима балеринасы, «жер жүзінің Жизелі» атанған профессор Алтынай Асылмұратова барлық сұхбаттарында өзінің алматылық екенін, «үшінші толқындағы» балет бишісі екенін үнемі айтып жүреді. Нағашы атасы мен әжесі, анасы мен әкесі де балет бишілері болған, Алтынай классиканың биік шыңына бағаланатын биді меңгерген үшінші ұрпақ саналады.

Әкесі Әбдулахим Асылмұратов – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1958 жылғы атақты Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысқан адам. 1959 жылы «Құрмет» белгісі орденімен марапатталған. Қазақстандағы балет өнерінің негізін қалаған азаматтардың бірі. Ал оның әкесі Әбілбек Ахмет Жұбановпен бірге Құрманғазы оркестін құрысып, құрамындағы алғашқы домбырашылардың бірі болыпты. Астана театрына келуіне байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Алтынай: «Елімді әрқашан сағынып жүретінмін. Астанаға келгендегі мақсатым – елімнің өнерін әлемдік деңгейде мойындалуына үлесімді қоссам, осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемді, бар білгенімді осындағы қазақ балаларының бойына қондырсам, осыдан үлкен арманым жоқ, өзімді бақытты сезінемін. Жас күнімізде атақ қудық, даңқ қудық, көп нәрсені ойламадық, соның орнын толтыратын уақыт жетті. Арманым – Астана театрын әлемдік аренаға шығару» деді толқып отырып.

Ал Алтынай апамыздың өзі әулие Петр қаласына 1961 жылы 10 жасында кетіп, 54 жылдан соң ғана туған елге оралып отыр. Балеттегі барлық биіктікті бағындырды. Марин театрында 21 жыл жұмыс істеп, соның 17 жылында прима балерина болды. Сахнаға шыққан бүкіл шығармалардың басты кейіпкері тек біздің Алтынайдың еншісіне ғана бұйырып отырған.  Кеңес Одағы кезінің өзінде Рудольф Нуриев, Барышников, Макаровалармен бірге  (бұлардың бәрі де барған елінде қалып қойғандар) АҚШ, Франция, Англия, Италия, Испания сияқты ірі шет мемлекеттерге шығып, өнер көрсеткен бірден-бір талант иесі.

Марин театрынан кеткен соң өзі оқып-тәлім алған, Галина Уланова, Анна Павлова секілді әйгілі бишілерді дайындап, орыс балетінің ұстаханасы атанған Ваганова атындағы Орыс балет Академиясының көркемдік жетекшісі әрі директоры болып он төрт жыл жұмыс істеген. Содан кейінгі жылдарда Михайлов балет театры директорының кеңесшісі қызметінде болды. Дүниежүзінің белгілі театрларынан шақырту ала тұра, ата жұртына оралуды хош көрген Алтынай «Астана Опера» театрын таңдаған. Қазір Алтынай Асылмұратова әкесі мен анасының туыстарын іздестіріп, Жезқазқандағы, Алматыдағы ағайындарын тауып алуға әрекет жасап жатқан көрінеді. Алтынай: «Күйеубалаларыңыз, жолдасым, Ресейдің еңбек сіңірген артисі Константин Заклинский де балет бишісі, ол да Қазақстанға келіп, өнерге өз үлесін қосады», деп отыр. Қазірдің өзінде Алтынай «Бақшасарай фонтаны» балетінің әзірлігіне кіріссе, Алан Бөрібаев мамырдың 11-12-сінде сахнаға шығатын «Абай» операсының дайындығын бастап кетті.

Айгүл Аханбайқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Мини-әңгімелер