$ 447.4  477.55  4.76

Мини-әңгімелер

 І

Ол кіріп келді.

– Саламатсыз ба? – деді.

– Сәлеметсіз бе? – дедім.

– Мен – анаумын, – деді.

– Ал мен – мынаумын, – дедім.

Ол ананы айтты. Мен мынаны айттым. Ол ананы айтты. Мен мынаны айттым. Осылай айта бердік, айта бердік...

Ақырында Ол:

– Қош болыңыз! – деді.

– Қош болыңыз! – дедім.

Ол шығып кетті. Мен отырып қалдым...

ІІ

Бұл кіріп келді.

– Сәлеметсіз бе? – деді.

– Сәлеметсіз бе? – дедім.

– Мен – анаумын, – деді.

– Ә-ә, мен – мынаумын, – дедім.

Бұл ананы айтты. Мен мынаны айттым. Бұл соны айтты. Мен де соны айттым.

Ақырында Бұл:

– Көріскенше! – деді.

– Көріскенше! – дедім.

Ол шығып кетті. Мен ойланып қалдым...

 

ӨНЕР ЖӘНЕ ӨМІР

 Сатиралық комедия сахнада қойылды. Жұрт тіксіне қарады. Авторға.

«Бізде мұндай жоқ!» – деді шамданып.

«Бізде мұндай болған емес!» – деді шамырқанып.

«Бізде мұндай болмайды!» – деді шапшып.

Ақыры сатиралық комедия сахнадан ығысты...

...Арада жылдар өтті.

Ана жылы сахнадан көрінген көріністерден де сорақы жәйттер өмірден көрінді. Жұрт тіксіне қарады. Шошына қарады. Өмірдегі әлгі көрініске... Қорқып кетті. Бірақ... осыған ұқсас жағдайды сахнадан көргенде ойланбағанын тағы да ойланбады...

  

ОЛ

Ол кәдімгідей күлетін. Кәдімгідей жылайтын.

Әуелі күлуден қалды. Біртіндеп жылауды да қойды.

Еті үйреніп кетті. Жүре берді.

Жүре беруге болмайтынын сезді. Иә, сезінді. Күлуге үйренді. Жылауға да үйренді. Өзі сенді. Өзгелер де сенетін сияқты.

Ойда жоқта... өзінің кәдімгідей күле алмайтынын байқады. Кәдімгідей жылай да алмайды екен. Шошып кетті.

Кәдімгідей күлу, кәдімгідей жылау... Бұлар да арман екен-ау!?. Үрейлі арман...

 

Кенжебай АХМЕТОВ

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары