$ 443.85  474.3  4.8

Тұрсыновтың тоқмейілси бастағаны ма?

Е.Тұрсынов бекітіле тұра, Қазақ хандығының 550  жылдығы туралы фильмді түсіруден бас тартыпты деп естідік. Бар шаруаны жиып тастап, мерейтойды өткізуге жауапты орынның бәрі жанталасып дайындықты бастағанда, бұл кісінің бұра тартқанын түсінбей қалғанымыз рас.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің өткен жылдың ең соңғы күні қол қойған «Қазақ хандығының 550 жылдығын ұйымдастыру және өткізу» туралы Қаулысындағы ең үлкен жоспардың бірі дәл осы кино түсіру жұмысына арналғаны баршаға аян. «Кино түсіру жұмысы тапсырылған екі-үш режиссердің бірі Тұрсынов-тұғын, қауырт шаруаның қызатын шағы басталғалы тұрғанда, қашқаны несі?» деп, Ермектің өзіне хабарластық.

– Әу баста халыққа таратылған ақпараттың өзі дұрыс болмады. Ондай әңгіменің болғаны рас, бірақ әңгіме аяқталмаған күйі қалған еді. Талқылауда болғаным да рас. Кеңестік. Менің қатысатыным, қатыспайтыным белгісіз бола тұра, «Үш режиссердің бірі –Тұрсынов» деп, БАҚ өкілдері өтірік ақпарат жариялап жіберді. Бірақ менің қатысатыным сол кездің өзінде екіталай болатын. Шынымды айтсам, менің жоспарымда болмағандықтан, бұл жұмысқа қолым тимес те еді. «Қолым тимейді, басқаларға айтпайсыңдар ма?» дегенмін бірден. Өйткені жұмыс өте ауқымды, көп. Ал беріліп отырған уақыт аз. Осы жылдың соңына дейін фильмді қалай да аяқтау керек екен. Меніңше, мұндай тығыз мерзім жеке өз басыма қолайсыздық тудырар еді. Желтоқсанға дейін аяқтау үшін бір емес, бірнеше топ жұмыс істеуі керек. «Бірлі-жарым адамға, жалғыз адамға қиын болады. Бір адамның қолынан келе қояр ма екен?» деген сияқты күдіктерімді айтқанмын. Сондықтан араласпайтын болдым.

«Уақытыңыз болған күннің өзінде бұл жоба сіздің стиліңіздегі жұмыс болар ма еді?» дедік. «Бұл да бір мәселе, – деді Е.Тұрсынов, – мен мұндай маңызды тарихи тақырыптарды сериал ретінде түсіргім келмейді. Салмағы ауыр, жауапкершілігі күшті тақырыпты, дәл осы Қазақ хандығына байланысты идеяны сериал тілімен түсіруге бірден қарсы болғанмын да. Егер түсіргілерің келсе, ол толықметражды көркемсуретті фильм болуы керек дегенмін», – деді Ермек Тұрсынов.

Мадина Әлиакбарова

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары