$ 494.87  520.65  4.91

Пахраддин – парасатты Қабдоловтың прототипі еді

Отызыншы жылдардың зұлматы мен нәубеті туралы жазылған шығармалардың қатарында жазушы Смағұл Елубайдың Мемлекеттік сыйлық алған «Ақбоз үйі» айырықша орын алады.

Бұл шығарма қазақтың мінезін тану үшін қайыра бір оқып шығуға арналып жазылғандай. Ауыл байларын ауыздықтаудың жөні осы екен деп, асыра сілтегендіктің, алтыбақан алауыз алыс-жақын ағайын-жұрттың арасындағы қым-қиғаш мінез қайшылығынан туған керенау қарым-қатынастың ащы шындығы осы романда шынайы көрініс тапты. «Ақбоз үйді» оқырман жылы қабылдады. Сыншылар оң пікір білдірді. Оқиға желісімен фильм де түсірілді. Әрине, кез келген көркем шығармадағы оқиға да, оны өрістетін кейіпкердің мінез-құлқы да, іс-әрекеті де жазушы қиялымен дамытылады. Кітап кейіпкерінің өмірдегі серігін іздейтін әдепкі әдетімізбен романдағы образдардың бірді-екілісіне тоқталайық.

Пахраддин – Хансұлудың әкесі. Аталы сөз айтатын би. Мыңғыртып мал айдаған бай. Пахраддин – мінезі де, портреті де белгілі әдебиет зерттеушісі, академик Зейнолла Қабдоловтан көшірілген бейне. Тек оқиға уақыты өзгертілген. Оның бәйбішесі Сырға – Зейнолла Қабдоловтың зайыбы Сәуле апайдың прототипі. Сәуле апай №12 қазақ мектебінде оқыған Смағұл Елубаевтың мұғалімі. Жалпы, екеуі де С.Елубаевтың ұстаздары, бірі – мектепте, бірі – университетте сабақ берген.

«Ақбоз үйдің» авторы Қабдоловтардың отбасымен 10 сыныпта оқып жүрген кезінен бастап араласа бастайды. Жазушы бұл отбасындағы мәдениетті, әдет-әдепті, адамдық қарым-қатынастарындағы жылылықты көрген, сезінген. Кісілік келбетін, өмірлік принциптерін, мінез-құлқын, тіпті бір-біріне деген махаббатарын да жақсы білгендіктен, өзі сезініп, үлгі еткен отбасының тынысын сол заманға – 1930 жылдарға алып барып, Пахраддин мен Сырғаның жанұясына апарып теліген. Сөйтіп өмірде көңілінде шуақыт із қалдырған Қабдолов еріксіз Елубаевтың шығармасына кейіпкер болып шыға келген.

Романдағы оқиғаларды шиыршықтай түсетін шымыр бейнелердің бірі – Дәу апа. Бұлыш мергеннің анасы, өмірі жесірлікпен өткен, ер мінезді батыр әйел. Дәу апаны «Сталинге тіл тигізді» деп НКВД-ның аудандағы түрмесіне апарып қамап тастайды. Ол сонда да бетке айтатын қайсар мінезінен бір танбайды. Шаш ал десе, бас алатын жандайшаптармен ерегесетіні сонша, түрменің берген тамағын ішпей, бір апта бойы аш жатып, өмірден өтеді. Дәу апаның ешкімнен қаймықпайтын, қорықпайтын мінезі жазушының өз анасы Ханбибі Шабанқызының мінезінен алынған. Смағұл ағамыз анасының құрсағына біткеніне екі ай болғанда, мынадай бір оқиға болады. Ол кезде жазушының әкелері Қарақалпақстанның құмының ішінде орналасқан Маңғыт деген шағын қаладан он бес шақырымдай жерде қоныс теуіп, малын бағып отырған ауылды мекен еткен. Ақтөбе облысынан Голощекин әкелген зұлматтан қашқан елдің бір шоғыры осы ауылды келіп паналайды. Адам аяғы баспайтын қызыл құмның ішіндегі ауылға қарақалпақтың екі милициясы келіп, жазушының әкесі Абатқа «ананы ұрладың, мынаны ұрладың» деп нақақтан-нақақ жала жауып, түрмеге әкетпек болады. Бұл –1946 жылдың күзі. Қызыл жағалылар үйдің ішін тіміскілеп жүріп, жарты қап мақта тауып алады. Мақтаның қат кезі. Анасы «Айналайындар-ау, осы мақтадан бір нәрсе тоқып, тігіп сатып, күн көрейік, балаларға талғажау болсын деп, зауыттан сатып алған едік. Осыны да қылмыс деп тұрсыңдар ма, орнына сиырымызды ала ғой» десе, екеуі «жоқ, ол – аз» деп, оған да көнбейді. Содан ауылды адақтап, азын-аулақ ақша жинап әкеп ұсынып көрсе, оны да азырқанып алмайды. Ең соңында тапаншасын суырып алып Смағұлдың әкесіне: «Қайтсем де сені түрмеге апарып тығамын, түс алдыма»,–дейді. Әкесінің де қырықтың о жақ-бұ жағында қылшылдап тұрған қауқарлы шағы. Ызаға булығып, милицияның біреуінің жағасынан ала түседі. Милицияның бір мылтығын суырып алып, аспанға қаратып оқ атады. Жағаласып жүріп тағы да атады, оқ әкесіне тимей, қарнын жалап өтіп, төңірек қып-қызыл ала қанға боялады. Екеуінің бірдей күйеуіне қол жұмсап,  таяққа жыққандарына шыдай алмаған Ханбибі анасы да көзі қарауытып, төбелеске араласып кетеді. Оқиға киіз үйдің ішінде болады. Екеуге екеу жекпе-жекте ерлі-зайыпты екі милицияны жығып, қол-аяғын байлап, қаладан тағы да милиция шақыртып, қолдарына тапсырады. Әкесін айдап алып кетпек болып келген милицияның өзі озбырлығы үшін абақтыға жабылады. «Анам өте батыл да өткір адам еді. Өте қатал заманда өмір сүрді. Аштықты бастан кешірді, репрессияны көрді. Ешқайсысына да мойымады. Советтік паспорт дегенді біздің ауылдың адамдары 1955 жылы ғана алды. Олар – Совет өкіметін де, милициясын да мойындамаған адамдар. Мінезді ел болған. Олардың осы мінезі шешемізден де көрінетін. Шешем 88 жасында қайтыс болды. Көз жұмғанша анамның қабағы кіртиіп ауырып отырғанын көрген емеспін. Денсаулығы жақсы, өте қайратты адам еді. Өзі де, әкесі де, жалпы тұқымымен батыр адамдар болған деседі. Аталары өмір бойы түркіменнің басмашыларымен күресіп өтті. Сол кісінің бейнесін негізге ала отырып, Дәу апаны сомдадым. Милицияның өзін «әй, боқмұрын» деп, «Сталин дегенің кім өзі, әділетсіздік жасайтындай анадан туған бала ма өзі, әкелші бері өзін, ит терісін басына қаптайын» деп, басқа түгілі, заң адамының өзіне де өктем-өктем сөйлеп, түрмеден бір-ақ шыққан ғой. Романда солай. Қазақ деген халықтың сағы сынбай тұрған кездегі мінез ғой бұл. Қазір мұндай мінезді іздесең табасың ба? Әрине, 1986 жылы қыздарымыз ер жігіттей ерлік жасады. Не дегенмен батырлық бойымызда бар халықпыз ғой», – деп әңгімесін аяқтады Смағұл аға.

Айгүл Аханбайқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары