Алматыда «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының қолдауымен «Елбасы және Ел мұраты» атты ақындар айтысы өтті. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
Айтыс «Ұлы Дала қазынасы» партиялық жобасы аясында, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай ұлттық жаңғыруға үлес қосу мақсатында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арнайы ауданда орналасқан орта оқу орындары арасында ұйымдастырылды.
-Бұдан 2 жыл бұрын ЮНЕСКО-ға тіркеліп, әлемдік масштабта белгілі бола бастаған төл өнерімізге, қанат қаққан жас өрендер айтулы айтыстарға апаратын алғашқы қадамдарын жасады. Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің мәжіліс-залы көркемделіп безендендірілген. Бүгінгі айтыстың біздің оқу орнымызда ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз, - деді Халық кәсіпшілігі колледжінің директоры Камал Жамангөзов.
«Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасынының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов халық ауыз әдебиетінде айтыстың алатын орнына ерекше тоқталды.
-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай колледж тәлімгерлері арасында бірінші рет өткізіліп отырған жастарға, жыр алыбы Жамбылдың «Менің пірім – Сүйінбай, жыр айтпаймын сыйынбай» деген өлеңінен үзінді оқып отырмын. Аталар дәстүріне адал болуға, айтыс арқылы салт-дәстүріміздің сақталуына, рухани жаңғырумызға үлес қосуға шақырамын. Біздің бірлігіміздің арқасында ғана еліміздің берекесі болады, - деді Баймұрат Жамбылов.
Қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын Айбек Бектенқұлов, Республикалық, халықаралық мүшайралардың жеңімпазы, ақын Нұртас Тұрған, журналист-ақын Өмірбек Сансызбаев, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Бекежан Тоққожаев, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжі директорының орынбасары Рита Боранбаева төрелік етті.
Қазылар алқасының әділ шешімімен, жартылай финалға аттары да ұқсас, тілектері мен ниеттері ақ, Ақтілек пен Ақниет шығып, қыз бен жігіт айтысының кішкентай көрінісін көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар келесідей анықталды:
1- орын - Кабдуллина Ақниет Қалыбайқызы
2- орын - Орынбай Дастан Нұрғалиұлы
3- орынды - Молдағали Ақтілек пен Оразтай Касымжомарт бөлісті.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған айтыс тартымдылығымен ешкімді де жалықтырған жоқ. Колледж директоры Камал Әмірғалиұлы бұл жақсы дәстүрлі жалғастыра беруге, келесі жылы тағы да аудандағы басқа колледждерді де қатыстыра отырып өткізуе бейіл екенін білдірді.
Ақбота Мұсабекқызы