$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда музыкатанушы Болат Сарыбаевтың 90 жылдық мерейтойы өтті

Алматыда көнекөз аспаптарды қайта жаңғыртып, қазақтың музыкасына сүбелі үлес қосқан ғалым, музыкатанушы Болат Сарыбаевтың 90 жылдық мерейтойы өтті. Іс-шара "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Ғалым ғұмырын ескі аспаптарды тауып, оны зерттеп, ұлттық инструменттерді музыка әлемінде жандандыру жолына арнаған. Өнертанушы домбыра мен жетігеннің халық арасында қайта қолданылуына бар ықылас-жігерін жұмсайды. Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің студенттері шебердің жолын қуып, ұлттық аспаптарды дайындап қана қоймай, аспаптарда еркін ойнауды игеріпті.

Сахнада күмбірлете күй төгіп тұрған бойжеткен Болат Сарыбаевтың немересі. Ол домбыраға деген махаббат – атасынан дарыған қасиет деп біледі. Атасы Болат Шамғалиұлы – көне аспаптарды қайта жаңғыртып, қазақтың төл музыкасының жандануына үлес қосқан азамат. Қазақтан шыққан тұңғыш ұлттық аспаптар жасаушы шебер.

«Жас кезімізде біздер муызка деп, аспаптарға мән берген жоқпыз. Ол кісі қанша аспаптарды тірілтті. Отырарды қазып, содан аспаптарды шығарып, оған қайтадан дауыс беріп, қайта жаңғыртты», - деді Б. Сарыбаевтың келіні Тиышжан САРЫБАЕВА.

Шебер ғұмырында шертпелі-ішекті аспаптарды қалпына келтіру жолында тынбай еңбек етеді. Ендігі мұндай тау тұлғаның ізін жас өркендер жалғап келеді. Қазір құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжіндегі студенттер ұлттық аспаптар жасаушы мамандығы бойынша білім алуда. Мұндай мамандық қаламызда тек осы оқу ордасында ғана үйретіледі. Тіпті мұнда қол өнер орталығы да жұмыс істейді.

«Домбыраны жасау үшін шын шебер болса оған үш күн жеткілікті. Ал бізде көбі жерде үйреніп жатқаннан кейін 1 ай уақыт кетеді. Өйткені біз бірінші рет жасап тұрмыз.  Қателіктер болады арасында», - деді Студент Абзал СӘРСЕН.

Негізінде бұл білім ордасы құрылысшы және транспорт саласы бойынша түлектер дайындайды. Десе де, студенттердің ұлттық музыкаға көзқарасы өзгеше. Шеберханаға келген әрбір жас өзінің қол өнердегі қабілетін байқамай кетпейді.

«Биыл Болат Сарыбаев атамыздың 90 жылдығы. Сондықтан біз де осы іс-шараны жалғастыра отырып, Елбасымыздың айтқан рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша мына тарихымызды, қазақтың дәстүрін, қазақтың аспаптарын білсін деп осындай іс-шара өткізіп жатырмыз», - деді Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің директоры Камал ЖАМАНГӨЗОВ.

Бүгінде дарынды жастар өз қолдарынан шыққан халық аспаптарында еркін ойнай алады. Болат Сарыбаевтың 90 жылдығына арналған мерейтойда студенттер ұлттық аспаптарға жан бітіріп, көрермендерге ерекше рух бергендей болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары