$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «Абай оқулары» атты қалалық байқау өтті

Алматыда «Абай оқулары» атты дәстүрлі әдеби байқау өз мәресіне жетті. Шығармашылық шараны Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып келеді.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген ұлт жастарының ықыласын арттыру мақсатында өткізілген шараға 18 бен 25 жас аралығындағы Алматы қаласының аудандарынан 3 үміткерден қатысып, бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өскелең ұрпақты Абай Құнанбайұлының мұраларына қызықтыру, поэзияға баулу кезек күттірмейтін мәселе. Жалпы әдебиетке деген құштарлықты бүгіннен бастап қалыптастыру керек. Мұны қаланың әр ауданынан келген үміткерлер де жете түсінсе керек, олар бойындағы барлық өнерін ортаға салып, қазыларға өздерінің осал емес екендігін дәлелдеуге тырысты.

«Абай әлемі бізді жеті түне адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап, тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сарптай аламыз. Өз халқын «өссін-өркендесін» дейтін әр азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын» деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзін жан-жүрегімен түйсінген азаматтар қатары жыл сайын Абай оқуларына қатысқан саналы ұрпақпен толығып келеді. Дәстүрге айналған «Абай оқулары» биыл да өз жалғасын тауып отыр. Білекке емес, білімге сенетін ғасырда қоғамның іргетасына берік кірпіш болып қаланар өздеріңіздей азаматтар ұлы Абай армандаған биіктен көрінеріне бек сенімдімін. Өздеріңізге тек сәттілік тілеймін», - деді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов байқаудың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. 

Үш кезеңнен тұрған байқау өте тартысты өтті деуге болады. «Сен тұр мен айтайын» деген қатысушылар арасынан үздікті анықтау оңай болмады. Дегенмен, қазылар алқалары байқау болғаннан кейін жеңімпаздың болатынын тілге тиек етіп, бағы жанғандардың аты-жөнін анықтады.

Сонымен, «Абай оқулары» қалалық байқауының бас жүлдесін Алатау ауданынан намысын қорғаған жас ақын қыз еншілеп, республикалық абай оқуларына қатысуға жолдама алды. Ал екінші орынды Әуезов ауданының қатысушысы иеленді, тиісті үшінші орынның иесі – Жетісу ауданының қатысушысы болды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Айта кетейік, «Абай оқулары» Алматыда жыл сайын өткізіліп отырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары