$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда үш бірдей кітаптың тұсауы кесілді

Алматыда «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында бірнеше тарихи кітаптың тұсауын кесті. Шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлының бастамасымен әйгілі ғалым, тарихшы Нығмет Мыңжанидың «Таңдамалы мақалалар», сондай-ақ,  тарихшы, қоғам және мемлекет қайраткері  Зардыхан Қинаятұлының «Тарихқа көзқарас», «ХІІ-ХІХ ғ.ғ Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» атты кітаптар жарыққа шықты.

Тұсау кесу рәсіміне Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек, белгілі тарихшылар мен ЖОО-ның докторлары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, алаштанушылар қатысты.

Шара барысында баяндамалар оқылып, шараға келген қонақтар авторлар жайлы ыстық естеліктермен бөлісті. Зардыхан Қинаятұлының көзін көргендер мен бірге жұмыс істегендер адамдық қасиетін алға тартып, өмірін үлгі тұтатынын айтты.

- Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын қолдау мақсатында  Қазақстанда шықпаған, оқырмандарға жаңаша ой тастайтын тың дерекетерге бай осы екі кітапты шығаруды жөн көрдік. Оның бірінің авторы - Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген Нығмет Мыңжани. Нығмет аға Қытай қазақтарынан шыққан ғұлама ғалым, көрнекті қоғам қайраткері. ХХ ғасырдың 40 жылдарынан бастап қазақ халқын жан-жақты зерттей бастаған тарихшы. Ал, екінші кітаптың авторы - Моңғолияда дүниеге келген моңғолтанушы, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы кәсіби тарихшы Зардыхан Қинаятұлы. Аталмыш екі кітапты «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі қаржыландырса, Зардыхан Қинаятұлының «Найман хандығы»  кітабы біздің құрылтайшылардың бірі Сабыржан Мұхамедханұлы жеке қолдауымен 3000 данамен  шықты. Жеке қаржымен шыққан кітапты орыс тілі нұсқасында шығару көзделіп отыр. Әзірге барлық кітаптарды тегін және кітапханаларға тарататын боламыз. Мәдениет саласында атқарылып отырған іс-шаралардың барлығы қандастарымыздың қаржылай көмегімен жүзеге асып отыр. Мақсатымыз - Отанымызға үлес қосу, - дейді «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек.

Айта кетейік, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі 2009 жылы құрылған. Қоғамдық бірлестіктің құрылтайшылары тоқсан пайыз тәуелсіздіктен кейін Отанымызға оралған кәсіпкерлерден тұрады. Кәсіпкерлеріміз өз Отандарына қызмет етіп, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын беруді де әдетке айналдырыпты. Сондай-ақ, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайты жақында ғана оқырмандарға жол тартып отыр.

- Қытайда ауыз әдебиеті жақсы дамыған. Қытай, Моңғолиядан келген қазақтар, қандас бауырларымыз тарихты жазуда жаңа бағытты көрсетті. Бұл ұлттық бағдар, дәстүрлі бағдар. Нығмет Мыңжан ағамыздың бұған дейін «Қазақтың қысқаша тарихы» деген еңбегі 1994 жылы жарық көрген. Шыңжаңдағы ғылым академиясымен тығыз байланыста болған ағамыз Қытай жылнамаларын қолданғанын байқаймыз. Мұнда шынайы дәстүр тарихымыз көрініс тапқан. Ал, Зардыхан Қинаятұлының еңбегі  Моңғол деректерін жақсы білетіндіктен тарихқа жаңа ғылыми ой-тұжырымдарын енгізіп көрнекі жеткізіп отыр. Біздің қазақ тарихын осы тарихшылардан үлгі ала отырып жазып шығу керек. Қазақтың тарихын шынайы жазу керек. Біздің тарих Ресейдің де тарихына, іргелес жатқан Қырғыздың да тарихына, қала берді өзбектің де тарихына келмейтін өзіндік дербес тарих. Сол тарих әлі жазылған жоқ, - дейді  ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, профессор Талас Омарбеков.

Шара барысында бірнеше ұсыныстар жасалып, оқырмандарға әрі қарай кітапты қалай жеткізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, алдағы уақытта дархан көңілді ағаларымыз кітаптан түскен қаржыны  авторлардың отбасына көмек ретінде ұсынуды мақсат етіп отыр.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары