Танымал жұлдыздармен сахнаны бөлісу Қайрат Түнтековтың бала кезгі арманы болатын. Ол осы қалауына «Super Star» жобасы арқылы жетті. Телебағдарлама әншінің бағын ашты. Халыққа танымал етті деп жазады QAZAQ RADIYOSY.
Оның өнер саласында жүргеніне 14 жылдан асты. Бес жыл үзілестен кейін сахнаға қадам басқан орындаушы есімін елге қайта таныстырды.
«Бұл жобаға қатысқан себебім, мен өнердегі орнымды көрсеткім келді. Халықтың сағынышын басқым келді. Ер жетттім. Үлкен өмірге қадам бастым. "Im A Singer Kazakhstan мега шоуында жеңіске жеткеннен кейін, қазіргі таңда шетелден ұсыныстар түсіп жатыр. Сондықтан, мүмкіндік болып жатса, басқа да халықаралық жобаларға қатысуым мүмкін. Немесе келісім шарт бойынша өнерімді жалғастыруым мүмкін. Жолым ашылып жатқан сияқты. Аллаға шүкір. Бұйыртса, 1-2 жылдың ішінде, өзімнің жеке өміріме қатысты фильм түсіру ойымда бар. Өмірімде ақ және қара жолда да жүріп өттім. Өмірімдегі осы ауыртпалықты кино арқылы халыққа жеткізсем», – дейді әнші Қайрат Түнтеков.
Өнерпаз үлкен сахнадан алыстағанымен, шығармашылығында тоқтау болған жоқ. Қайта өзін қайрады. Жігерін жаныды. Осылайша, өзінің композиторлық қырын дамытты.
Репертуарын өзі жазған шығармалармен толықтырған орындаушы жуырда бейнебаян түсірмек.
Айта кетейік, Қайрат Түнтеков «I’m A Singer Kazakhstan» жобасының жеңімпазы атанып, 3,5 млн теңге жоба жүлдесін жеңіп алды.