Бұл тосын сый Сивиге туған күнінде табысталған болатын. Меншікті мерекесінде мемлекеттік марапатқа ие болған әнші, алған атағын есіне түсіре алмай састы. Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.
“Атауы шынымды айтайын толықтай есімде жоқ. Ұят болды”, – дейді Сиви.
Өкінішті-ақ! Сивиге тағылған «Еңбек даңқы» төсбелгісі еді. Аталмыш марапат жайлы толығырақ ақпаратты сұрағанымызда, өнер иесінен тағы да тұщымды жауап ала алмадық.
“Кейін айтайықшы ол жайлы, иә?!” – деп сөзден қашты Махмуди.
Ал, әншінің желідегі оқырмандары, Махмудидің мұндай марапатқа лайық еместігін жарыса жазып жатыр.
“Халық барлығын көріп отыр, көзі ашық. Кімнің лайық, кімнің лайық емес екенін халық жақсы біледі. Сондықтан да, ол әңгіме құрдан-құр жүрмейді. «Жел соқпаса шөптің басы тұрмайды”, – деп пікір білдірді аталған жайтқа қатысты «Melo’Men» тобы.
Иә, жыл соңында Серік Ибрагимов те дарынды жастардың қатарын толықтырды. Абырой болғанда, әнші жігіт өзіне бұйырған марапат туралы мағлұматтан құр алақан емес екен.
“Жиырма тоғыз жасқа дейін берілетін, бұл дарынды жастарды одан ары қарай, жақсы белестерді бағындыра берсін деген ниетпенен берілген, үміт сыйлығы ғой. Ары қарай жұмыс істеуге үміт сыйлайды. Күш-қуат, шабыт сыйлайтын «Дарын» сыйлығы. Және де, еңбектің де бағаланғаны деп ойлаймын”, – дейді Серік.