Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән береді. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» делінген мақалада.
Осы бағдарламада көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асыру аясында ҚР Ұлттық кітапханасының бастамасымен және ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының қолдауымен Қазақстан мен Кувейт арасындағы мәдени аралық байланыстарды нығайтуға үлкен қадам жасалды. Әл-Кувейт қаласында 11-15 қаңтарда жыл сайын ұйымдастырылатын Әл-Карин Фестиваліне Қазақстанның «Астана-Опера» симфониялық оркестрі қатысып, еліміздің танымал өнер қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Медет Шотабаев, Абзал Мухитдинов, Айсұлу Әбілханова, Руслан Баймурзин және т.б. өнер көрсетті. Оркестр Құрманғазы Сағырбаев, Нұрғиса Тілендиев сияқты танымал қазақ композиторларының таңғажайып шығармаларын орындап, өнер сүйер қауымының зор қошеметіне ие болды.
Кувейт мемлекетінде өткен әл-Карин фестивалі шын дарындылардың басын қосып, ерекше форматта ұйымдастырылған. Ал еліміздің оркестрі ұлтымыздың таңғажайып шығармаларын орындап, Кувейт жұртшылығының таңдайын қақтырды.
–Кувейтте жыл сайын 11-15 қаңтарда өткізілетін әл-Карин Фестивалі жоғары денгейде өтті. Кувейт өте бай, дәулетті xалық екен. Өкіметтің өнерге, білімге бөлінген қаражаттары мен болашақ ұрпағына қалдырған мұрасын естісеңіз, ғажайып, адам баласы сенгісіз цифрлар! Концерт керемет өтті! Көрермендер қимастықпен залдан әрең кетті. Айтпақшы, Кувейтте керемет Опера театры бар екен, маған опера айтуға ұсыныс жасады, - дейді Майра Мұхамедқызы.
Сонымен қатар, 14 қаңтарда ҚР Ұлттық кітапханасы мен Халықаралық әйелдер тобы (International Women’s Group) бірлесіп, Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстанның Кувейттегі Елшілігінің қолдауымен «Kazakhstan Time» Қазақстан күнін ұйымдастырды.
Қазақстан күні аясында Кувейт Ұлттық кітапханасымен екіжақты кездесулер өтіп, келіссөздер жүргізілді. Қазақстандық делегация Кувейт Ұлттық кітапханасының директоры Кемаль мырзамен кездесіп, кітапxана жұмыстарымен танысты, тараптар әріптестік ынтымақтастыққа келісті. ҚР Ұлттық кітапханасы мен Әл-Баптин Араб поэзиясы Орталық ғылыми кітапханасында, Мәдениет және кітапхана саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
–Енді екі кітапxананың мамандары көне қолжазбаларды зерттеу тәжірибелерімен, мамандармен, сондай-ақ сирек кітаптар мен қолжазбалардың көшірмелерімен алмасатын болады. Бұл жетістік біз үшін зор мәртебе, - дейді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов.
Кувейт мемлекетіндегі Қазақстан күні аясында өткен шаралар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының назарында болды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюына себеп болған маңызды шаралар Кувейт елінің 11 баспасөзі мен ұлттық арналарынан беріліп, халыққа кеңінен насихатталды.
Биыл Қазақстан Республикасы мен Кувейт мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуда. Осы айтулы маңызды оқиғаға орай енді екі ел арасындағы мәдени байланыс нығайып, ортақ тарихи тамыр, мәдениет пен дәстүрді біріктіруде.
ҚР Ұлттық Кітапханасы ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымызды шет мемлекеттерге таныстыру мен дәріптеуде бар күш-жігерін салуды жалғастырып келеді. Оның ішінде озық ойлы ұлт, іргесі берік ел, білімге құштар жұрт екенімізді көрсетуде атқарылар шаруалар әлі де алдағы уақыттың еншісінде.
Ақбота Мұсабекқызы,
ҚР Ұлттық кітапханасының баспасөз хатшысы