Бүгінде шығармашылығына белсенді түрде білек сыбана кіріскен Әуелбекова таяуда тағы бір қырын танытқан болатын. Әнші «Nazar» деп аталатын қыздар тобын құрып, продюсерлік мансабын қолға алған Мөлдір алдағы жоспарларымен бөлісті деп жазады Stan.kz.
Гелзбендке жетекшілік еткен ол жаңа жобасының «Кешью» тобына ұқсағанын қаламайды. Өйткені, аталмыш үштікте ән салған өнер иесі, Баян басқаратын ұжымдағы кеткен қателіктерді қайталамауды құп көреді екен.
«Өйткені мен «Кешьюде» 6 жыл жұмыс жасадым. Мен топтан үш рет кеттім, үш рет мені қайта шақырды. Мен қайтып бардым. Оның барлығының қыр-сырын мен білдім. Әр түрлі жанрда да «Кешьюмен» біз ән айтып көрдік. Продюсердің талабы бойынша әр түрлі киімді де киіп көрдік. Маған сол жақта ұнамайтын қырларын алып тастап жатырмын. Қыздарды мен ашық-шашық киіндірмеймін. Біз сол өзіміздің қалауымызбен киінген жоқпыз», – дейді Мөлдір.
Сондай-ақ, бұрын-соңды ел естімеген қыздар ұжымының құпияларын жайып салды. Әншінің сөзіне сенсек, «Кешью» құрылғанда Баян мен Бағым қыздарды ашық киіндіріп, ауқымды аудитория жинағысы келген. Бірақ Мөлдірдің қарсылығына төтеп бере алмаған Мұхитденовалар топ репертуарын өзгертіп, сахналық стилінде Әуелбекованың қалауымен қайта жасаған.
«Маған ашық-шашық киінген ұнамайтын. Сол үшін мен 2 жылдан кейін «Кешью» тобынан кеткен болатынмын. Кейін қайтадан сөйлескеннен кейін Баян мен Бағымға айттым: «Осылай-осылай мен сіздердің киімдеріңізді кимеймін, қарсымын» – деп. Содан кейін менің талабым орындалып, ән айту бағытын да өзгерттік. Мысалы, «Сүгірдің термесі» сияқты әндерді айттық», – дейді Әуелбекова.
Бір қызығы Мөлдір өзі түлеп ұшқан ұжымның қазіргі шығармашылығынан бейхабар болып шықты. Өйткені, өнер иесі бұрынғы басшыларымен баяғыда ат-құйрығын үзіскен екен.
«Қазір «Кешьюдің» шығармашылығын жіті бақылап отырамын деп айта алмаймын. Уақытым онша көп емес. Теледидар қарап отыратын уақытым да жоқ. Қазір топтан Сара Амангелдінің кетіп қалғанын білемін. Үш қыз топта ән салып жүр. Бар білетінім осы», – дейді Кешьюдің экс-әншісі.
Сонымен қатар, Әуелбекованың «Кешьюде» ән салған бұрынғы әншілермен де қарым-қатынасы мәз емес. Аталмыш топта 6 жыл ән салған Мөлдір әріптестерімен құрбы ретінде сырласып көрмегенін де жасырмайды.
«Қатты құрбы ретінде араласпаймыз. Бірақ әріптес ретінде сәлеміміз түзу. Сол Әнел Әрінова бар. Жанар Дұғалова, Айдана Меденовамен де сәлемім түзу. Зумрад Гараеваны көрмегеніме көп болды. Бірақ сол кездегі естеліктер ғой. Қаншама қиын күндерді бастан өткердік. Сол кездегі қаншама жақсылық бар. Қуанышты күндеріміздің барлығы есімізде. Сол себепті оның барлығын ұмытып кету, танымай кету мүмкін емес. Біз құрбы болған жоқпыз», – дейді Мөлдір Әуелбекова.