Биылғы жылы өтетін қазақ аруы байқауының талаптары өзгермеген. Тек байқаудың ауқымы кеңейген деп мәлімдейді «НТК» арнасы.
Енді «Қазақ аруына» қазақстандық сұлулар ғана емес, Өзбекстан мен Қырғызстан, Ресей, Түркия, Моңғолия еліндегі қандастарымыз да қатыса алады. Басты шарт, салт-дәстүрді, тарихты жетік білуі керек.
Жоба жайында продюсер Баян Мақсатқызы: «Бұл идея қателеспесем осыдан 5 жыл бұрын туындаған болатын. Сол кезде, дәл осы сайысты халықаралық деңгейде өткізу керектігін ұқтым. Біз, Қазақстандағы кастинг аяқталғаннан кейін, өзге елдегі іріктеуді бастаймыз. Жақын күндері сапарға шығамыз», – дейді.
Айта кетейік, іріктеуге келген үміткерлерге Қазақстан тарихынан сауалдар қойылып, ұлттық салт-дәстүрге және танымал тұлғалардың шығармашылығына шолу жасалады.
Қазірдің өзінде байқауға келген үміткерлер алғашқы сұрақтан сүрініп, конституция күнін білмей жатыр.
Дереккөз: NUR.KZ