Әнші Меруерт Түсіпбаева мен Баян Алагөзованың арасындағы дау тоқтар емес. Журналистердің сұрағына біраз уақыт жауап бермей жүрген Түсіпбаева Баянның телехикаясын айтып, продюсерді тағы да ашық «айқасқа» шақыра бастады.
«Алагөзова тақырыптан ауытқымасын. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ол менің байымды тартып алып па еді, оған өшігетіндей? Осы тақырыпты жаба салайын деп едім. Баян сұхбат беріп, «анау-мынау» деп қоймайды ауызымды қышытып... Баян-ау, сенің орныңда тып-тыныш отырар едім тақырыпты ушықтырмай. 54 миллион теңге әкеңнің қаржысы емес, мемлекеттікі ғой. Қытайда болсаң осы жағдай үшін сотталып немесе атылып кетер едің. Аяғың аспаннан салбырап түссе де. Заң барлығына бірдей емес пе? Мемлекеттік тапсырыспен тусіріліп, xалықтың 54 млн теңге қаржысын ысырап қылған "Баян сұлуыңды" жарамсыз, ұлтты қорлау деп тауып, кемшіліктеріңді тізбектеп жазған зиялы қауымның жанайқайына неге бір сәт құлақ түрмейсің? "Қолымнан келмеді, деңгейім жетпеді" деп, қателікті мойындау да ерлік екен-ау?», – деді әнші өзінің Instagram-парақшасындағы жазбасында.
Еске салайық, Баян Алагөзованың продюсерлігімен түсірілген «Баян Сұлу» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан жарамсыз деп алынып тасталған. Көпшілік сериалдың салт-дәстүріміз бен тарихымызға жанаспайтынын айтып шулаған еді.