$ 494.87  520.65  4.91

Менің әнім – менің мамандығым: Сәкен Майғазиев «діндарларға» жауап берді

“Астана” арнасының “Сырласу” бағдарламасына берген сұхбатында Майғазиев намаз оқыса да, ән айтып жүр” деп сынағандарға жауап берді.

“Кей адамдар: «Сәке, кеше ғана азан шақырып, қажылыққа барып, бес парызды өтеп жүргеніңе 7 жыл болды деп жатыр едің, сахнада өлең айтып жүрсің ғой», – дейді. Бұл – менің әнім, менің мамандығым. Алла Тағала екінің біріне өнер бере бермей ме? Екінің бірін электрик, құрылысшы қыла бермей ма? Өзімнің түсінігімде Алла Тағала әркімге мамандығын таңдап береді”, – деп түсіндірді Сәкен.

“Музарт” тобының әншісі әннің де қасиетін білу керек деген пікірде. Ол дінге қысым көрсетілген заманда ата-бабаларымыздың шариғат қағидаларын ән мен жыр арқылы халыққа жеткізгенін айтады.

“Мен біреуді араққа, нашақорлыққа, біржыныстылыққа шақырып жатқан жоқпын. Болмаса жартылай жалаңаш шығыңдар деп жатқан жоқпын. Айтсам, Отан туралы, анаға деген сүйіспеншілігімді ән арқылы жеткізіп жатырмын. Жалпы әннің де қадір-қасиетін білуіміз керек. Ол да тегіннен тегін емес. Көптеген шайыр, жырау-жыршыларымыз осы шариғаттың өзін домбырамен жеткізген. Кеңес заманында хадис болмаса Құранды айтып отырғанын білдіртпес үшін домбырамен жырмен жеткізе білген.  Алланың хикметін жеткізу мақсатында Абай, Шәкәрім аталарымыз өлеңдер жазып кеткен. Сол орайда кейбіреулер ақындық, әншілік, айтыскерлікті харам деп жатады. Біз соған жетпей қалған дүниелерді дұрыстап алайықшы. Отанымызды сүйіп алайық, елбасымызға жәрдемші болып алайық. Көзімізге көрініп тұрған нәрселерді қарық қып алайық”, – дейді әнші.

Бұл орайда Сәкен өнерде ислам жолында жүрген жігіттердің көп екенін де жасырмады.

“Бес парызымды өтеп жүрмін, Аллаға шүкір. Бізде өнерде жүрген жігіттер бар. Талай әнсапарда сахна жабық тұрады, біз сахна сыртында ақшам намазының уақытын кірсе, намазымызды оқып, еліміздің бейбітшілігімізді тілеп, аналарымызды құрметтеп, әкелерімізді әспеттеп жүріп жатырмыз. Басқа ағымға түсіп кеткен ештеңеміз жоқ. Кәдімгі дәстүрлі дінімізді ұстанып келе жатырмыз”, – дейді Майғазиев.

Дереккөз:Stan.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары