Танымал театр және кино актері, тележүргізуші Азамат Сатыбалды Баян Алагөзова түсірген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» телесериалы туралы пікірін айтты.
«Мұндай тарихи жәдігер көрерменге жетуі керек. Театр аздық етеді. Экранға шығуы керек. Бірақ «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» дейді. Сол тарихты білетін, сол адамның қолынан келетін, мүмкіндігі келетін адамға табыстау керек. Мен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» сериалының бірінші сериясын көрдім.
Өте ұят, өте ыңғайсыз болды. Баян – менің досым. Баян менің досым болғанымен, Баянға ештеңе айта алмадым. Баянның киносын көрсем, қоңырау шалып, ойыммен бөлісетінмін. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» туралы үндей алмадым.
Өйткені сол Әнесті (редактордан: Әнәс Бағдат – сериалдың режиссері, драматург) таныстырған мен едім. «Маған қазақтың кинодағы драматургы керек, Азамат» деп қоңырау шалғанда, «Мен тауып берейін, бізде Әнес деген керемет драматург бар» деп Әнес пен Баянды таныстырған мен едім… Көрдім де, ұялдым.
Актерлердің шеберлігі, жеткізуі, атмосфераны түсінбеушілігі, режиссердің таяздығы, сол телевидениенің төңірегінде түсіре салған. Маған аса ұнаған жоқ. Мен мұны қиянат деп білемін. Бізде қазақта әдемі сөз бар «аманат» деген бар», – деді Азамат Сатыбалды.
Ал продюсер Баян Мақсатқызы мен әнші Меруерт Түсіпбаева арасындағы дауды Азамат Сатыбалды атын шығарудың, пиардың бір жолы деп есептейді.
«Ал Меруерт пен екеуінің арасындағы нәрсе пиар деп ойлаймын. Меруерт өзінің атын шығарғысы келіп жатыр, оған Баянның мінезі бар, жауап беріп жатыр. Екі әйелдің арасындағы әңгімеге біз жігітпіз, араласпаймыз», – деп түйіндеді актер.
Естеріңізге сала кетейік, Азамат Сатыбалды мен жұбайы Назгүл Қарабалина Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қозы Көрпеш – Баян Сұлу рөлін 15 жыл бойы сомдаған.
Дереккөз: Today.kz