Қашан да ұлтқа қатысты өзекті мәселелерге келгенде көп ішінен суырылып шығып, азаматтық ұстанымын ашық айтатын әнші Сәкен Майғазиев атышулы «Қалаулым» бағдарламасына бірнеше рет сын айтқан. Бұл жолы ол шоудың шашбауын көтерген әріптестеріне айып тағып, олардың бұл әрекетінің теріс екенін түсіндіруге тырысты.
“Түркияда жағымсыз бағдарламаны жапқызып тастаған. Содан кейін олар «кім бар?» деп тіміскілеп жаман шибөрілер ұқсап, ақырында бізге келді. Үлкен танымалдылыққа ие бағдарлама, өздеріңіз де білесіздер. Сол қосылып жатқан екі жастың ұрпақтары үшін мен жаным ашып, шырылдап жатсам, менің әріптестерім сол бағдарламаның шашбауын көтеріп, сойылын соғып жүр. Сонда мен кім үшін зар қақсап жүрмін?
Мен ондай белден төмен бағдарламаларға өліп кетсем де бармаймын. Сол орайда: «Өткенде Сәкен айтып еді ғой, бір өзі шырылдай бере ма?» деудің орнына солардың сөзін сөйлеп жүр. Мен өзімнің пиарымды ойлап жүрген адам сияқты, бозда ойнап, білгенімді істеп жүрген сияқты жүрген адамдар бар. Біздің екіжүзділігіміз бен жүрдім-бардым бейқамдығымыздың айқын айғағы осы. “Қазақ деп жүрген азамат қой, Сәкеннің бір ауыз сөзі үшін осы бағдарламаға бармай-ақ қояйық, біздің танымалдылығымыз осыдан кеміп қалмайды” демейді. Керісінше саған қас қылғандай қылады. Осы дұрыс па енді?” – деді әнші Асхат Садырбайдың «Үлкендердің әңгімесі» атты бағдарламасында.