$ 494.87  520.65  4.91

8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесі күні Астанада өтетін мәдени шаралар белгілі болды

8 наурызда Конгресс-орталықта Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, көпшілік сүйіп тыңдайтын Нұрлан Өнербаевтың «Жүректегі көктем» атты шығармашылық кеші өтеді деп мәлімдеді Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы. 

Көктем мерекесіне орай «АЛЖИР» мұражайында ашылған балалар сурет көрмесі жалғасып жатыр. Наурыздың 5-сі мен 9-ы аралығында Сәкен Сейфуллин музейінде «Сәкен сүйген арулар» атты көрме, ал 7-ші және 10-шы наурыз аралығында «Қазақ аруларының әшекей бұйымдары» атты экспозиция көпшілік назарына ұсынылады.

Мерекеге орай 6 наурызда «Мәңгілік ел» қақпасының шолу алаңында елордалық әйелдер клубтарының мүшелеріне арнап «Символ современного Казахстана – Триумфальная арка «Мәңгілік ел» экскурсиясы ұйымдастырылады.

Нәзік жандар мерекесіне орай елордалық театрлар көрермендердің сүйікті қойылымдарын қояды. 7 наурызда М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Примадонны» комедиясын, ал Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрында «Зере» драмасын тамашалауға болады. 9 наурызда «Жастар» театры «Махаббат миниатюралары» атты театрландырылған концерттік бағдарламаны тамашалауға шақырады.

10 наурызда «Жастар» сарайында «Весенняя капель» би турнирі өтеді. Сонымен қатар 10 наурыздан 1 сәуірге дейін елордалық циркте «Skifiy» лазерлік шоуы көпшілік назарына ұсынылады.

Қалалық кітапханаларда да мерекеге орай наурыз айында әйелдердің қоғамдағы рөліне және сұлулығына арналған дәрістер, әңгімелесулер, кездесулер, әдеби кештер ұйымдастырылады.

Дереккөз: Egemen.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары