Өзін зор дауыс иесі деп санамайтын, қарапайымдылық пе надамгершілікті атақтан да артық қоятын Әли Оқапов тағы да тосын мәлімдеме жасады. Ол өзінің әнді жанды дауыста керемет айта алмайтынын, десе де еңбегінің арқасында ешқашан мақсатынан талмайтынын жеткізді. «Если Честно» бағдарламасында ол өзінің дауысы мен музыкалық әлеуетіне қатысты ойымен бөлісті.
«Маған өзімнің дауысым ұнамайды. Мені кішкентай кезімде ешқашан үстелге тұрғызып қойып, елдің алдында ән айтқызып, мынау менің балам деп айтып көрмеген. Мен 16 жасымда алғаш рет ән айта бастадым. Үнемі неге ерте бастамадым екен деп ойлайтынмын. Дауысы жоқ деп айтатындар көп болды. Оны қарапайым халық та, тіпті мықты музыкант мамандар да айтатын.Олардың бұл пікірі мен үшін өте ауыр тиді. Ауыр тигені соншалық, мен шынымен де дауысым жоқ екен деген шешімге келдім. Дауысым жоқ дегенге өзім де сене бастадым. Әли Оқапов дауысымен емес, еңбегімен жетістікке жетеді дейтін болдым, сол ойыма да сендім. Тіпті Ділназ Ахмадиева мен Мақпал Исабековалардың өздері маған дуэт жазуды ұсынатын. Мен олардан әлі қашып жүрмін. Себебі мен олармен ән айтуға лайық емеспін деп ойлаймын. Себебі олар вокалистер», – деді Әли.
Оның айтуынша, өзінің музыкалық әлеуетін тексеру үшін ол тәуекел етіп, жанды дауыста жеке концертін беруге де дайын.
«Мүмкін тәуекел етіп, жеке концертімді беремін. Менің арманым – екі сағат бойы жанды дауысты ән айтып, өзіме өзім дәлелдегім келеді. Бұл – менің бірінші немесе соңғы концертім болмақ. Осылай тексеруден артық тексеру жоқ. Мен жанды дауыста айтудан еш уақытта қашпайтынмын. Әрине, өте жаман шығатын, бірақ дегенмен де, мен қайта аяғыма тік тұрып, еңбектенуден талмайтынмын», – деді әнші.
Еске салсақ, Әли Оқапов бұған дейін де өзінің дауысы аса зор емес екенін мойындаған болатын. Есесіне, ол өнердегі жасандылықтан гөрі, шынайылық маңызды дегенді пікірін де жеткізген еді.
Дереккөз: NUR.KZ