«Әз Наурыз» мерекесі – қазақ халқының ғана емес еңсесі биік егеменді елімізде тұратын басқа да ұлт өкілдері дүбірлетіп тойлайтын, сағына тосатын ұлық мерекесі болып саналады. Бұл көктемнің атаулы мерекелерінің бірі және бірегейі, жаңаша өмір сыйлайтын мереке деп саналады. Қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түннің теңесіп, жіңішкенің үзіліп, жуанның жіңішкерген уақыты – 22 наурыз.
Осынау ел мен елді ынтымақ пен бірлікке ұмтылдыратын мейрам ауданымызда ағымдағы жылдың 21 наурызы күні Абай даңғылы бойында думандатып өткізілді. Дүйім ел-жұртымен жиналған дүбірлі тойдың салтанатты сахнасында Наурызбай ауданы әкімі Сайфеденов Сайран Тәпенұлы ағынан жарылып, жиналған жұртшылыққа ақ тілегін жеткізді:
Ол өз сөзінде: «Қазақ елі бұдан да сұрапыл сындарды еңсеріп, биік асуларды бағындырған, сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесе жеңіп отырған. Ата-бабаларымыз еш уақытта жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, әлсізге көмектесіп, құлағанды қолтығынан сүйеген, әлсіздерге қолұшын беріп, қолдау білдірген. Осындай шешуші шақта белді бекем буып, тәуелсіздік туының төңірегіне тығыз топтасып, келешектегі кемел күндерге бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып ұмтылуымыз қажет» - деп атап өтті.
Жаңа ауданда жаңаша, кең көлемдегі «Әз Наурыз» мерекесі аталап өтті. 16 қанатты, 12 қанат және 10, 8 қанатты ақшаңқан Астана қаласының 20-жылдығына орай 20 қазақ үйі тігіліп, әрбір киіз үйге ауыл аттары беріліп, әр ақ отаудың алдында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін қазақтың қасиетті салт-дәстүрлері, атап айтқанда «Тұсау кесу», «Сырға салу», «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Сыңсу айту», «Келін түсіру», «Жар-Жар», Беташар», «Шілдехана», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» және т.б. қазақи салт-дәстүрлер көпшілікке ұсынылып, тамашаланды.
Төрт сағаттық концерттік бағдарлама барысында 50-ге жуық әртіс өнер көрсетіп, 5000-нан аса аудан тұрғындары мен қонақтары арнайы ақ дастарханнан дәм татып, қасиеті мол «Наурыз көже» ішіп, мәре-сәре болысты. Мереке аудан әкімінің «Тұсау кесер» дәстүрімен шынайы түрде сәбидің тұсауын кесуімен бастау алды.
Сонымен қатар «арқан тартыс, тұмақ ұру, жамбы ату» сынды спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» және сыйлықтары тарту етілді.
Аудан әкімі аппаратының бастамасымен «Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз-2018» атты Төл мерекесінің «Наурыз нақыштары» бағаланып, бәйгеге «Ең үздік киіз үй», «Ең үздік ақ дастархан», «Ең үздік салт-дәстүр» номинациялары тігілді.