$ 494.87  520.65  4.91

Талантымен танылған тұлғалар

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы. Бұл кешегі кеңестік кезеңдегі еліміздегі талабы таудай, дарынды жастарға берілетн мемлекеттік деңгейдегі сыйлық еді. Ленин комсомолы сыйлығы ғылым, техника, өндіріс, мәдениет саласындағы жоғары жетістікке қол жеткізген, шығармашылығымен бастамашылдық  танытқан жас авторларға берілді. Қазақстан Ленин комсомолы сылығын тағайындау одақ көлемінде алғашқылардың қатарында белгіленді. Оған дейін тек Украинада Н.Островский атындағы Украина Ленин комсомолы сыйлығы болған еді (1958). 1364 жылдан екінші болып Қазақстан жастарын ынталандыру қолға алынды. Қалған республикалар үрдісті 1366 жылдан бастады. Қазақстан Лениншіл коммунистік Жастар одағы тағайындайтын бұл сыйдық 1990 жылға дейін екі жылда бір рет беріліп, барлығы 24 қаламгер марапатталған. Біз бүгін әдебиет пен журналистика саласында осы сыйлықпен марапатталғандар туралы сөз қозғамақпыз.

Әдебиет саласында бұл сыйлықты ең алғаш иеленгендердің бірі Әнуар Әлімжанов болды. КЕзінде Мұхтар Әуезов: «Бірінші Петр Еуропаға терезе ашса, Әнуар Әлімжанов Азияға терезе ашты!», – деп баға берген Әнуар оған әбден лайық еді. Қазақ халқын  жан тәнімен сүйетін, бірақ, ойын оқырмандарға орыс тілінде жеткізетін қаламгерлердің бірі осы Әнуар болса, екіншісі – Олжас Сүлейменов. Олжастың тұңғыш ғарышкер Ю.Гагаринге арнап жазған «Адамға табын, Жер, енді» атты поэмасы Қазақстанға ғана емес, сол тұстағы бүкіл одаққа мәшһүр болды. Осы поэмасы үшін Олжасқа Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, кейін «Доброе время восхода» атты өлеңдер жинағы үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Дәл осындай Бүкіл одақтық сыйлыққа қолжеркізген ақынның бір – Мұхтар Шаханов. Ол «Танакөз» поэмасы үшін алдымен Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын, кейін 1982 жылы «Лики времени» кітабы үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын иеленді.

Сол кездегі Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын  алған қаламгерлердің тағы бірі – Саттар Ерубаев пен Төлеген Айбегенов. Олардың бұл сыйлыққа лайық екендігіне ешкімнің де дауы жоқ. Өздері өмірден ерте өтіп кетсе де, соңына өміршең туындылар қалдырған таланттарға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.

Бірі ойшыл, бірі лирик, бірі қуатты ақын болып дүниеге қатар келген үш құрдас – Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев сынды шайырлар да әдебиетте қатар жүріп, жастар сыйлығын бірінен кейін бірі еншіледі.

Аталған сыйлық қалай берілді деген оймен бірнеше Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегерлеріне хабарласқан едік. Солардың бірі қазақтың суырып салма, айтыскерлік қасиетін бойына сіңірген ақын, Надежда Лушникова сол жылдарды ерекше сезіммен еске алды. «Кезінде Мұхтар Шаханов екеуміз Ленин комсомолы сыйлығын алуға қатар түсіп қалдық. Сонда Мұхтар ұйымдастырушыларға: «– Надежда қыз бала ғой, жолы жеңішке. Сыйлықты Надежда алсын», – деп  жолын маған берді. Сол тұстағы біздің замандастарымыз осындай мәрт келуші еді ғой. Мен жігіттердің осы қасиеттеріне қашанда ризамын», – дейді Надежда апай. Шахановтың бұл мәрттігі сыйлық үшін сыйын қашырып жүрген кейінгі қаламгерлерге үлгі боларлықтай-ақ.

Кеңестік идеологияның кемшілік тұстары жетіп артылады. Алайда шығармашылық адамның еңбегін бағалауға келгенде үлгі алатын жерлері де бар. Түрлі атақтар мен марапаттауларды сығымдап,әбден саралап отыратын кеңестік заманда әркім өзінің шынайы талантымен ғана бұл сыйлыққа қол жеткізгенін жоғарыдағы тізімге қарап аңғаруға болатындай. Мәселен Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкеев, Роллан Сейсенбаев, Күләш Ахметова, Баққажа Мұқаев, Асқар Егеубаев секілділер шын мәніндегі қаламына ерекше қасиет қонған қаламгерлер екендіктері сөзсіз. Қазақ елі тәуелсіздік алар шағында Бақытжан Қанапиянов, Ұлықбек Есдәулетов, Тұрсынжан Шапаев, Байбота Серікбаев, Ерік Асқаров, Есенғали Раушанов есімді қаламгерлер де дарынды луреаттар қатарынан көрінді. Бұлардың көбі бүгінде қалам ұстап жүрген көптеген жастардың ең көп оқитын сүйікті қаламгерлеріне айналды.

Жарылқап Бейсенбаев, Сергей Оболенский, Лариса Воронина сынды қаламы қарымды журналистер де қаламымен елге танылған, еңбегі жанғандар. Қазақ журналистикасының әлеуетін ә дегеннен жеке шығармашылығымен танытқан Жарылқап Бейсенбаевтың редакторлық қолтаңбасы кейін «Ана тілі» газетінің редакторы болған тұста жарқырай көрінді.

Ал Әнуар Әлімжанов, Олжас С.лейменов, Қадыр Мырзалиев, Жүмекен Нәжмеденов, Тұманбай Молдағалиев, Оралхан Бөкеев, Күләш Ахметова, Баққожа Мұқаев, Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов секілді кезінде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын иеленген жас қаламгерлердің көпшілігі уақыт өте келе Мемлекеттік сыйлықтың да иегерлері атанды. Талабы бар және дарындыларды жастайынан қанаттандырып, рух беру ұлт әдебиетінің өрісін кеңейте түсетіндігі осыдан-ақ байқалады. Бұлардың барлығының дерлік шығармаларымен қалың оқырман етене таныс. Бұл солжастардың барлығы сыйлыққа, сыйлық жастарға лайықты болды деген сөзболса керек.

Негізі әдебиетке тағайындалатын сыйлық екі түрлі мақсатта ғана берілетін болса керек. Бірі осылайша болашағынан үміт күттіретін, шын талантты жастарды қанаттандыру үшін болса, екіншісі, талмай ізденіп жазған классикалық керемет дүниелері үшін, ұлт пен әдебиет алдындағы етен еңбегі мен төккен теріне деген ризашылық үшін. Сонда ғана сыйлықтың қадірі мен сыйы болатын секілді.

 

                                                                                                                                                                  Олжас СӘНДІБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары