Наурыз мерекесін Франция төрінде тойлап келген Тамара Асар ондағы қызықтарын әлеуметтік желі арқылы бөліскен еді. Тіпті, ұлының домбыра тартып, көптің ықыласына бөленгенін сәті де жұрттың назарынан тыс қалмады. Десе де, әнші елге оралғанда асықпай отырып, өзіне ауыр тиген жағдайды да шимайлады. Тамара Асардың бұл жазбасын еш өзгеріссіз назарларыңызға ұсынамыз.
«Лувр алаңында наурыз тойы қызған кез еді. Мен саxнаның арт жағында өз кезегімді күтіп, қазақ костюмімді қызықтап келген француздар мен басқа да ұлт өкілдерімен фотоға түсіп, бар білген ағылшыныммен француз тілімді былдырлатып араластырып, жартысын эмоцияммен аузы басымды жыбырлатып, қолымды сермеп, ойымды жеткізіп мәз боп тұрғанмын. Жаныма бір француз әйелі келіп, әлдеңені түсіндіре бастады. Бірден түсінбесемде, басымды изей бердім. Музыка қатты ойнап тұрғасын қатты тақалып, құлағыма ыссы демімен үрлеп, әлдеңені айтып жатыр. Бір сәтте тілден бөлек "санатүйсігім" қосылғандай болды, тыңдай бастадым. Ол маған бір сөйлемді қайта-қайта айта беріп еді, жүрегім "шым" етті. Әлі дұрыс түсінген жоқпын. Қасындағы баланы көрсете береді де. "Mon fils kazakh", - деп қайталай береді, сол сөйлем құлағымда әлі тұр...
Екеуіне қаттырақ жақындай түсіп, иығымды көтеріп, бар білген французшаммен "comment?" "қалай?", - дедім... Дереу тіл білетін адамды шақырып, мән-жайді біліссек. Мына фотодағы баланы төрт жасында асырап алыпты. Жезқазғандыкі екен. Ұлты қазақ. Аты Мұxаммед, бірақ қазір екі есімі бар, қазақша-французша. Жасы 14-те.
Менің қабылдауымда оның көзі мұңға толы, еңсесі ерке балаға ұқсамайтын сияқты. Әлде менің көзіме солай көрінген шығар?... Әйтеуір... Мен дәл осы жолы әлсіздік таныттым. Шыдай алмай, баланы құшақтай алдым. Кәдімгідей бүкіл қазақтың құшағын сыйлағым келді. Іштей сіздерден сәлем айтқандай болдым...Тамағыма бірнәрсе кептеліп, жүрегім тарсылдап, жақсүйектерім жыбырлап-ашып, мұрнымның ұшын ызалы жас кернеп бара жатыр. Ел жан-жағымнан менімен фотоға түсіп жатқасын көз жасыма ерік беруге ұят қысты.
"Тамара Асар, қазір саxнаға шығасың. Бұл Франция, Париж, Лувр, Қазақстанның наурызы. Елдің, Елшіліктің абройы, пора-пораң шығып, саxнада жылап тұрмақпысың? Жылама, жылама" деп өзімді-өзім іштей тежеп, аутотренинг жасап, бойымның дірілін тоқтатуға тырысып, фотообьективтерге "кезекші жымиюдан" қосып, езуімді күшпен тартып тұрдым да, саxнаға көтеріліп кеттім... Алланың жазғаны осылай болған шығар Мұхаммед Пайғамбардың аттасы, Қазақтың қаны, Француздың ұлы Мұxаммед...», – деп бөлісті Тамара Асар.