20.04.2018, 09:36

Халықтың ақшасына масайған: Келіншек Төреғали Төреәлінің суретін жыртып, концертіне бармауға шақырды

Шымкенттік тұрғын әнші Төреғали Төреәлінің концертіне шақырған афишаны жыртып тастады. Онымен қоймай, әншіні балағаттаған. Мұны белгісіз автор бейнекамераға түсіріп, артынша Facebook әлеуметтік желісіне жүктеді.

Бейнежазбада жүзі көрсетілмеген келіншек халықты 1 мамыр күні «Түркістан» сарайында өтетін Төреғали Төреәлінің концертіне бармауға шақырады.

«Халықтың ақшасына масайып, ақсақалымызға қандай сөз айтты. Әйтпесе атасымен жасты ғой. Бармаңдар концертіне!» деген әйел базардың дүңгіршектерінде ілулі тұрған афишаны жыртып кетіп қалады.

Ол жерде тек Төреғали Төреәлінің ғана емес, танымал әнші Сәкен Майғазиевтің де 13 мамырда «Түркістан» сарайында өтетін кешінің афишасын көруге болады. Бірақ оған келіншек қолының ұшын да тигізбейді.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында әнші Төреғали Төреәлі Павлодарда өткен жеке концертінде жасы үлкен көрерменге ауыр сөздер айтып, балағаттаған болатын.