Қазақстан шоу-бизнесіндегі танымал продюсер Жан Мұқанов отандық эстрада әншілерінің жартысынан көбі жанды дауыста ән айта алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында айтқан.
Мұқанов әр жексенбі сайын Астанадағы "Хан Шатыр" ойын-сауық сауда орталығында "Сәлем Ұлы Дала" жобасын жүзеге асырып келеді екен. Жобаның ерекшелігі - сол күні кешкі сағат 19:00-21:00 аралығында эстрада әншілері қонаққа келіп, жанды дауыспен тікелей эфирде ән айтулары тиіс.
"Біздің жобаның Қазақстанда әлі теңдесі жоқ. Бұл нағыз жанды жоба. Шоу Жетінші арнада тікелей эфирде көрсетіледі. Басты мақсатымыз - Астана тұрғындары мен қонақтарына демалыс күні әнмен ләззат сыйлау. Әр апта сайын кем дегенде 5 жұлдыз ән айтады. Өкінішке қарай, Қазақстандағы әншілердің жартысынан көбі жанды дауыста ән айта алмайды. Сондықтан, тек нағыз талантты әншілер ғана қонаққа келеді", - дейді танымал продюсер.
Оның айтуынша, Бүгінге дейін "Сәлем Ұлы Дала" жобасында Маржан Арапбаева, Луина, Дастан Оразбеков, Ғазизхан Шекербеков, Әміре, Айқын Төлепберген, Айдана Меденова, Алмаз Кішкенбаев, Құрмаш Мақанов, "Жігіттер" тобы, Арман Камердинов секілді әншілер ән шырқаған. Ал, өзін нағыз "жұлдыз" санап жүрген эстрада өкілдерінің көбі бұл жобаға келуден бас тартатын көрінеді. Өйткені, жанды дауыста ән айтса масқарасы шығып қалатындарын біледі дейді Жан Мұқанов.